Аймақ басшысы зиялы қауым өкілдерімен кездесті

Сәрсенбі, 14 тамыз күні облыс әкімі облыстық тарихи-өлкетану музейінде Қазақстан Жазушылар одағының бірқатар ақын-жазушыларының басын қосып, өңірдің зиялы қауыммен кездесті.
Дөңгелек үстелге жергілікті ақын, жазушылар мен салаға жауапты мемлекеттік мекемелердің басшылары, БАҚ өкілдері қатысты.
Кездесу барысында аймақ басшысы өңіріміздегі рухани-мәдени бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Биылғы жылы Ақтөбе облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өнер мен әдебиетті дамыту және Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығына орай көптеген шараларды ұйымдастыру қолға алынып отыр.
- Облысымызда Елбасының «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалары аясында көптеген жұмыстар жүргізіліп жатыр. Елбасының сындарлы саясатының арқасында еліміздегі рухани-мәдени жұмыстарға көп көңіл бөлінгенін осында отырған аға буын өкілдері жақсы біледі. Экономиканың дамуы халқымыздың рухани байлығына тікелей байланысты. Ақтөбе өңірі ақын-жазушыларға, танымал тұлғаларға кенде болмаған. Алдыңғы кездесулерде айтылған ұсыныстарыңызды ескере отырып, кешенді жоба жасадық. Соның аясында қоғамда өнерді дәріптейтін, әдебиетті сүйетін мәдени ортаны тәрбиелеу мақсатында тың жобалар мен шараларды өткізуге қолдау көрсететін қоғамдық қор құруды қолға алдық. Осы қордың көмегімен өңірдегі ақын-жазушылардың кітаптарын жарыққа шығарамыз. Сонымен қатар, қазіргі заман талабына сай облыстық кітапхана мен Т.Ахтанов атындағы драма театрының, Кеңес Одағының батыры Ә.Молдағұлованың 95 жылдығына орай Әлия музейінің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Өнер мен әдебиетті қолдауды одан әрі жүргізе беретін боламыз, - деді облыс әкімі.
Атап өтейік, биылғы жылы «Ақтөбе кітапханасы» сериясымен ақтөбелік ақын-жазушылардың 27 жинақ кітабы жарыққа шығады. Сонымен қатар, облысымызда ақын Ізтай Мәмбетовтің 90 жылдығы мен ақын Сағи Жиенбаев, жазушы Тобық Жармағамбетовтердің 85 жылдық мерейтойларына арналған кешенді жоспар жасалып, кең көлемде тойланбақшы. 2020 жылдан бастап жас таланттарды қолдау мақсатында Т.Ахтанов, Қ.Шаңғытбаев, Т.Айбергеновтердің атындағы арнайы сыйақы тағайындалып, Қазақстан Жазушылар одағы Ақтөбе филиалының мүшелеріне жылына бір реттік стипендия тағайындалатын болды. Сонымен бірге, жергілікті үздік 10 жас ақын-жазушылардың алғашқы туындыларын баспадан шығару да назардан тыс қалмады. Қаланың көрнекті жерінен «Әдебиет әлемі» рухани орталығын және жергілікті ақын-жазушылар аллеясын салу жоспарланып отыр.
Кездесу соңында облыс әкімі кездесуге келген ақын-жазушылардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, алғыс хат пен ескерткіш сыйлықтар табыстады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі