Ақтөбеде білім саласының өзекті мәселелері талқыланды

7 ақпан күні «Шығармашылық академиясында» Ақтөбе облысы білім басқармасының алқасы өтті. Оған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев қатысты.

Алқа облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның өткен жылдың қорытындысы, 2019 жылға арналған мақсат-міндеттер туралы есебінен басталды. Оның сөзінше, мектепке дейінгі білім берудің басты міндеті – балалардың 100% қамтылуын қамтамасыз ету. Былтыр облыста 36 мектепке дейінгі мекеме ашылса, оның 32-сі жеке балабақшалар. 14 мемлекеттік балабақша сенімді басқаруға берілді. Л.Оразбаева сенімді басқарудың кейін мекемені жекеменшікке сатып алу құқығын бермейтінін атап өтті.

Облыс әкімі жеке балабақшалардың үнемі қадағалауды қажет ететін мәселелері барын айтты.

«Мемлекеттік-жеке серіктестік аясында ашылған балабақшаларда еңбекақының уақытында берілуін қарау керек.  Олардың осыған байланысты проблемалары болмау керек, өйткені мемлекет өз міндетін толық орындап отыр. Ал балабақшалардың сенімді басқаруға берілуін дұрыс түсіну керек. Сенімді басқарудағы балабақшалардың барлығы да тексерілді: кәсіпкерлер өз міндеттерін орындап отыр»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Ол сондай-ақ, ұстаздар қауымының назарын білім сапасы мен тәрбие жұмысын арттыруға аударды.

«Білім сапасын көтеру – Елбасының орындалуы тиіс тапсырмасы. Өкінішке қарай, оқушыларымыздың білімі нашарлап барады. Бұған былтыр «Алтын белгі» үміткерлерінің 30 пайызы ҰБТ-да жоғары оқу орнына өту балын жинай алмағаны дәлел. Яғни, мектептерде бағаны көтермелеп қою тәжірибесі бар. Мұны балалардың өздері үшін тоқтату керек. Оқушылардың, колледж студенттерінің құқыққа қарсы қылықтарыда – тағы бір көкейтесті мәселе. Балалар арасындағы зұлымдықты тоқтату керек. Мұнда, алдымен ата-аналар жауапты, сосын ата-ана мен мектеп байланысын күшейтіп, оқу орындары жанындағы қамқоршылық кеңестер тиімді жұмыс жасаулары қажет»,- деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, алқа аясында орта білім беру мазмұнын Назарбаев зияткерлік мектебі әдістемелерінің негізінде жаңарту және патриоттық тәрбие беру сұрақтары қаралды.

Отырыс ұстаздарды дәстүрлі түрде алғыс хаттармен марапаттау рәсімімен аяқталды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі