Ақтөбеде жергілікті кәсіпкерлердің «АҚТӨБЕ ӨНІМДЕРІ - 2020» көрмесі ұйымдастырылды

 3 наурыз, сейсенбі  күні  Өнер орталығында  Ақтөбе облысындағы  жергілікті тауар өндірушілерінің  көрмесі өтті.   Оған өңірдегі  құрылыс заттары, киім-кешек,  сүт, нан өндіруші 40-тан астам кәсіпорындар өз өнімдерін   көпшілік назарына ұсынды.  Көрме  өңір басшысының қатысуымен  ұйымдастырылған   форуммен жалғасты. Форумға   Орынбор облысындағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау жөніндегі уәкілі  Виктор Коршунов, КП Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы Есімхан  Құрманғазин, мемлекеттік органдар, кәсіпорын басшылары, жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындар қатысты.
Аймақ басшысы даму перспективаларын талқылауға Виктор Коршуновты арнайы жіберген    Орынбор облысының губернаторы  Денис Паслерге  алғысбілдірді.
«Ірі өнеркәсіп кәсіпорындарын табысты дамытудан өзге, шағын және орта бизнесті дамыту және құны жоғары тауарлар өндіру өзекті болып отыр. Мұндай жиындар өткізу біріншіден жергілікті тауар өндірушілер мен ірі тұтынушылар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік береді»-деді  аймақ басшысы.  Форум аясында  «Атамекен» ӨКП директоры Анар Даржанова атқарылған жұмыстарға тоқталды.  Айтуынша, облыста 59,1 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасайды. «2019 жылы «БЖК-2020» бағдарламасы бойынша бизнеске қаржылай емес қолдау көрсету аясында өңірлік кәсіпкерлер Палатасының сүйемелдеуімен 256 жаңа шағын және орта бизнес субъектісі ашылды және жалпы сомасы 870 364 мың теңгеге 72 жоба жүзеге асырылған. «Бизнес Кеңесші» жобасы бойынша 1 069 адам оқып шықса, олардың 344 «Atameken Academy» арқылы онлайн оқытылды, «Бизнес Өсу» жобасы бойынша 115 адам оқытылған.
Облыс әкімі  мемлекеттік органдар мен квазисекторды сатып алуда қазақстандық және жергілікті қамтудың әлеуеті әлі толық пайдаланылмай отырғандығын айтты.Талдау бойынша, кейбір мемлекеттік органдар әлі күнге дейін импортталатын тауарды сатып алатыны анықталды, бұл ретте біздің өңірде дәл осы өнімді сапалы өндірушілер бар екенін жеткізді.
«Ағымдағы жылы жергілікті қамту үлесін орташа есеппен кемінде 50% - ға жеткізу ді,  тамақ және жеңіл өнеркәсіп өнімдері, мен құрылыс материалдары сияқты тауарларды кемінде 90% - ды құрауы тиіс»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы  инфрақұрылымдық қолдау, индустриялық аймақ аумағында жеңілдікті шарттармен жер учаскелерін беру, сондай-ақ өнімді жылжытуда жәрдемдесу және т. б. бөлігінде барынша қолдау көрсетуге әзір екендігін айтты.
Форум соңында кәсіпкерлер, коммуналдық  төлемдердің бағасын төмендету, аудандарда алкогольді ішімдіктерді сату бойынша  лицензияны жеңілдету  сынды көптеген сауалдар қойды. Облыс әкімі сауалдарға тұшымды жауап берді, және кейбір ұсыныстарды Үкіметке хабарлайтындығын жеткізді.
 
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі