Ақтөбеде коммуналдық қызметтердің бірыңғай call орталығы іске қосылды

9 наурыз, сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласын аралау кезінде Энергия тиімділігі орталығына барды.

Өңір басшысы орталықтың жұмысымен танысты, оның негізгі міндеті цифрлық технологиялар мен альтернативті энергетиканы дамыту болып табылады. Орталық ғимараты күн панельдерімен, газ поршеньді стансамен, геотермальді жүйемен, сонымен қатар жел генераторымен жабдықталған. Мұнда қала тіршілігінің қамтамасыз етілуін және ТКШ инженерлік жүйелерін бақылау орталығы, ХҚО, облыстық ІІД-нің жедел басқару орталығы, Ақтөбе қаласының Алматы аудандық әкімінің аппараты жұмыс жасайды.

Ақтөбе әкімі Ілияс Испанов өңір басшысына «Қауіпсіз қала», «Ақылды ТКШ» бағыттары бойынша «Смарт сити» жобаларының  жүзеге асырылуы, геоақпараттық портал жұмысы,  «Aktobe bus» қосымшасы жайлы мәлімет берді.  

Орталық жұмысымен танысып шыққан Оңдасын Оразалин қаланың тіршілік әрекетінің барлық салаларындағы цифрлық технологияларды әрі қарай дамытудың  маңыздылығын атап өтті.

Осы жерде оған «109» колл орталығы таныстырылды. Коммуналдық қызметтердің бірыңғай байланыс орталығы пилоттық тәртіпте жұмыс жасайды. Ақтөбеліктер коммуналдық-тұрмыстық сипаттағы сұрақтар бойынша 109, 909-605 (қалалық телефоннан), 87787463333 (ұялы телефоннан) нөмірлеріне тәулік бойы хабарласа алады.

Халықтан дабыл алған операторлар ақпаратты тиісті қызметтер мен мемлекеттік органдарға жіберіп, проблема шешілгенше оны бақылауда ұстайды. Жұмысқа барлық ПИК, коммуналды қызметтер, қаладағы басқарушы компаниялар, қаланың аудандық әкімдіктері қосылған. Орталық тәулік бойы қызмет көрсетеді.

 Облыс басшысы қала тұрғындарының әлеуметтік желілердегі шағымдарын қадағалап отыру қажеттігіне назар аударды.

«Әлеуметтік желілерде қала тұрғындарынан көптеген ескертулер мен ұсыныстар түсіп жатады. Әрқайсысына тиісті шаралар қолдану керек. Олардың бірде бірі назарсыз қалмауы тиіс»,- деді О.Оразалин.

Сондай-ақ, өңір басшысы «112» шұғыл қызмет көрсетудің бірыңғай колл орталығын құру жұмыстарын бастауды тапсырды.

Өңір әкімі: «Шұғыл және коммуналдық қызметтер көрсетудің колл орталығы әлемдік  және отандық үздің тәжірибелерді ескере отыра жұмыс жасауы керек. Бұл шаралардың барлығы азаматтарға қолайлы болу үшін, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған.  Бұл Елбасының халықтың тұрмыс сапасын арттыру тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан аса үлкен жұмыс»,- деп атап өтті.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі