Ақтөбеде мемлекеттік қызметкерлер марапатталды

«Өнер орталығының» салтанат залында мемлекеттік қызметкерлер күніне орай 400-ге жуық қонақ болды. Олардың арасында облыс әкімі Оңдасын Оразалин, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментініңбасшысы Расул Медетов, мемлекеттік, құқық қорғау органдарының басшылары мен қызметкерлері және мемлекеттік қызмет ардагерлері бар. Салтанатты шараның ресми бөлігі өңір басшысының құттықтауымен басталды.
Жиналғандарды құттықтаған О.Оразалин «Мемлекеттік қызметшінің еңбегі – туған Отаны мен халқына адал болуымен бағаланады.
Мемлекеттік қызметші ел сенімінен шыға білсе, одан жоғары мәртебе, одан артық бақыт жоқ деп есептеймін.
Қазіргі таңда облысымызда 4,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметшілер абыройлы қызмет етуде. Олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында бірқатар жұмыстар жүргізілуде.
Атап айтсақ, жас мамандарға жалдамалы немесе жеңілдетілген пайызбен тұрғын үйлер берілуде. Спорт объектілерінде жеңілдікпен спортпен шұғылдануға мүмкіндіктер жасау да жолға қойылған»,- деп атап өтті.
Әрі қарай шара үздік мемлекеттік қызметкерлерді марапаттаумен жалғасты.
 Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева көпжылғы мінсіз еңбегі мен мемлекеттік қызметтің дамуына ерекше қосқан үлесі үшін "Үздік мемлекеттік қызметші" төсбелгісімен марапатталды.
Бұдан басқа, облыстың жеті мемлекеттік қызметкері облыс әкімінің алғыс хаттары мен мерекеге орай арнайы дайындалған естелік сыйлықтарды иеленді. Олар: Нұрлан Тәңірбергенов (Ақтөбе облысы бойынша Қазынашылық департаментінің Алға аудандық Қазынашылық басқармасының басшысы), Асылбек Биманбаев (Қарғалы ауданы Ащылысай ауылдық округінің әкімі), Илья Ли (Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бас маманы), Марина Коломойцева (Ақтөбе облысы бойынша ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы), Назгүл Сәндібаева ( Темір аудандық экономика және қаржы бөлімінің бас маманы), Алтынгүл Абдрахманова (Ақтөбе облысы төтенше жағдайлар департаментінің қаржылай қамтамасыз ету бөлімінің бастығы), Бақберген Мұхамбетқали (Ойыл аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің сектор меңгерушісі).
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментібасшысы Расул Медетов те әріптестерін құттықтады.
«Құрметті әріптестар, кәсіби мерекемізге орай ізгі ниетпен айтылған құттықтау сөздерін қабыл алыңыздар! Сіздердің жауапкершіліктеріңіздің, еңбекқорлықтарыңыз бен жан-тәніңізбен толық беріліп жұмыс істеулеріңіздің арқасында  біздер мемлекет игілігі үшін алға қойған мақсатымызға күн сайын жетіп келеміз. Сіздерге және жақындарыңызға мықты денсаулық, игі бастамалырыңзға табыс тілеймін!»,- деді Р.Медетов.
Шара соңында ол Гүлбарам Қалиева ( Ақтөбе облыстық білім басқармасының бас маманы), Найманбай Садықов ( Шалқар ауданының әкімі аппаратының бас маманы), Ерлан Нұрымбаев (Ақтөбе облыстық  мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментінің бөлім бастығы), Арман Қабылов (Қобда аудандық ішкі саясат бөлімінің бас маманы), Амантай Досекешов ( Ырғыз аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы)  сынды мемлекеттік қызметкерлерді мемлекеттік қызметті дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
Мемлекеттік қызметкерлер күніне арналған салтанатты шара мерекелік концертпен жалғасты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі