Ақтөбеде Мәншүк Мәметоваға арналған ескерткіш ашылды

9 қазан, жұма күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мәншүк Мәметова атындағы Ақтөбе Жоғары медициналық колледжінде болды. Кеңес Одағының Батыры есімімен аталатын оқу ордада Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай Мәншүк Мәметованың құрметіне бюст ашылды.

Шараға Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, колледж ардагерлері, ұстаздар қатысты. Облыс әкімі ақтөбеліктерді тарихи сәтпен құттықтады.
“Батыр апамыздың есімімен аталатын киелі шаңырақ, колледж ұжымын 85 жылдық мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Тарихын тереңнен тартқан бұл ұжым бүгінгі күні жаңа заман талабына сай жоғары қарқынмен дамып келеді.
Елімізге сапалы медицина кадрларын дайындаудың ұлағатты ұстаханасына айналған Ақтөбе Жоғары медициналық колледжі бай тарихымен, мол тәжірибесімен, абыройға ие болып отыр.
Облысымыздың кәсіби білім беру саласына қосып отырған үлесі зор”,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Сондай-ақ, Алматы қаласынан Мәншүк Мәметованың апасы Шолпан Мәметова, Ресейдің Псков облысы Невельский ауданы дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Елена Воронкова лэд- экран арқылы өз құттықтауларын жеткізді.
Айтып өтейік, 85 жыл тарихы бар оқу орны бүгінгі күнге дейін 20 мыңнан астам түлектер дайындаған. Республика бойынша 82 колледждің арасынан алғашқы болып көру мүмкінділігі шектеулі жандар үшін «Мейірбике ісі», «Массажшы» біліктілігі және сөйлеу мүмкінділігі шектеулі жандар үшін «Ортопедиялық стоматология» , «Тіс технигі» мамандықтары бойынша студенттерді оқытуда.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі