Ақтөбеліктер Алғыс айту күнін ерекше атап өтті

29 ақпан, сенбі күні Қазақстан халқы Ассамблеясы ғимаратында жалпыхалықтық - Алғыс айту күні мерекесі аталып өтті. «МЫҢ АЛҒЫС САҒАН, ҚАЗАҚ ЕЛІ!» атты салтанатты шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысты. Сонымен қатар, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, басқарма басшылары, мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, студент жастар да мерекелік шараның куәсі болды.
Шараның биылғы ерекшелігі 100%қазақ тілінде өткізілуінде.
"Қазақстанның Мемлекеттік Туында бейнеленген бiрыңғай көгiлдiр түс төбедегi бұлтсыз ашық аспанның биiк күмбезiн елестетедi және Қазақстан халқының бiрлiкпен ынтымақ жолындағы адалдығын аңғартады.Елбасы айтқандай, еліміздің жалпыұлттық идеясын өміршең ететін – елдің бірлігі. Сондықтан Қазақстан халқынының ортақ мүддесі мен дамуын жүзеге асыруда күш-жігерімізді аянбай жұмыла жұмсауға шақырамын.Ежелден көктемнің алғашқы күнін рухани тазару, үйлесімділік, қайырымдылық секілді ізгі қасиеттермен байланыстырып отыру да біздің ізгі қасиеттеріміз. Абай Құнанбайұлы алтыншы қара сөзінде «Қазақтың бір мақалы: «Өнер алды - бірлік, ырыс алды - тірлік» дейді. Бірлік - ақылға бірлік, малға бірлік емес. Малыңды беріп отырсаң, атасы басқа, діні басқа, күні басқалар да жалданып бірлік қылады! Бірлік малға сатылса, антұрғандықтың басы осы» деп толғайды.Абай Құнанбайұлының бірлік формуласы бүгінгі таңда мемлекеттік саясаттың басты құралына айналды",-деді аймақ басшысы.
Бұдан соң, өзге ұлт өкілдері Абай Қүнанбаевтың 150 жылдығы мен вальс патшасы Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығына орай олардың әндерін орындады.
Сыған диаспорасынан Беджа Калмыков Абайдың "Айттым сәлем Қаламқас", ал Алексей Дадусенко Шәмшінің "Сыған серенадасы" әнін шырқады. Болгар қызы Вера Бошкова "Қазақ елі", "Сайлян" балалар үлгілі ансамблі "Ақтілек" әндерін шырқап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Мемлекет басшысының Жарлығымен 1 наурыз — Алғыс айту күні болып жарияланған. Алғыс айту күні – қазақстандық патриотизмнің, бірлік пен достықтың жарқын мерекесі. Өз бастауын алғаш рет 2016 жылы алған мерейлі мерекені барша Қазақстан халқы ерекше көңіл-күймен атап өтеді.
Айтып өтейік, мереке барысында өзге этнос өкілдерінің оқушылары салған суреттерінен " Мың алғыс саған Қазақ елі" атты көрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Онда бейбітшілік пен татулық, достық пен патриоттық әсерге толы 100-ден астам суреттер қойылған.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі