Ақтөбелік құтқарушылар кәсіби мерекелерін атап өтті

17 қазан бейсенбі Ақтөбе облыстық ТЖД-нің  қызметкерлері мен құтқарушылар,өрт сөндірушілер кәсіби мерекелерін атап өтті. Шығармашылық  академиясында ұйымдастырылған шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин арнайы қатысты. Аймақ басшысы алдымен құны 500 млн-ды құраған облыстық бюджет есебінен биылғы жылы сатып алынған  құтқару  техникалар көрмесін тамашалады. 
Бұдан соң өңір басшысы төтеншеліктерді кәсіби мерекелерімен құттықтады.
"Құтқарушы мамандығының – ең басты міндеті өз өмірін бәйгеге тіге отырып азаматтарды қауіп- қатерден арашалау болып табылатын жоғары әрі жауапты миссия. Тәуліктің қай мезгілінде болмасын, өрт сөндірушілер мен құтқарушылар қиындыққа тап болған жандарға көмек көрсетуге дайын тұрады.
Ерлік пен батырлық таныта отырып, жанкештілікпен және жоғары дәрежелі кәсібилікпен өз қызметтеріңізді абыроймен атқарып келесіздер. Атқарылған ерен еңбек халықтың ыстық ықыласымен, құрметімен бағалануда.Бүгінгі күні ТЖД және оған қарасты мекемелерде 909 азамат қызмет атқаруда. Төтеншеліктердің арқасында осы жылы 700 ге жуық азамат құтқарылды. 2019 жылы департаменттің материалдық- техникалық базасын нығайтуға облыстық бюджеттен 506 млн 200 мың теңге бөлінді",- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімі  құтқару саласына ат салысқан үш ерікті азаматты,  судан, өрттен қауіпсіздік шараларын жүргізіп, халыққа түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырған "Зелло-поиск» әлеуметтік желісінің екі ерікті азаматын, жазғы демалыс кезінде жағалауларда адамдардың суға батып кетулерінің алдын-алу мақсатында кезекшілік жүргізген екі мұғалімді алғыс хатпен марапаттады.
Оңдасын Оразалин сонымен қатар, адал қызметтерімен ерекшеленген төрт азаматқа  алғыс хат табыстап, автотехникалардың кілтін берді.
Ақтөбе облысының ТЖД бастығына
2-дәрежелі «Айбын» орденінің иегері, азаматтық қорғау полковнигі  Бауыржан Сыздықовқа "Азаматтық қорғау полковнигі" арнайы атағы берілді.
Салтанатты шарада ТЖД бастығы Бауыржан Сыздықов 20 дан астам азаматты  «Азаматтық қорғау жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін», «Төтенше жағдайдағы ерлігі үшін» төсбелгісі және алғыс хаттармен марапаттады.
Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі