Ақтөбелік 30 анаға «МЕНІҢ КӘСІБІМ-ОТБАСЫМНЫҢ ЫРЫСЫ» республикалық әлеуметтік жобасы аясында қолдау көрсетілді

2 наурыз, дүйсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин  "Azaia" ЖШС-нің   тігін оқу орталығында болды. Ондағы  мақсат  «МЕНІҢ КӘСІБІМ-ОТБАСЫМНЫҢ ЫРЫСЫ» жобасына қатысушылармен іскерлік  кездесу өткізіп, бастамаларына қолдау көрсету.
Кездесуге  "Nur Otan" партиясы Ақтөбе облыстық  филиалы төрағасының орынбасары Ербол Данағұлов, Ақтөбе қаласының сал  ауруына  шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» ҚБ төрайымы Құралай Байменова, "Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ директоры Гүлжанат Ерғазина,  жұмыспен  қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы  Бұлбұл Елеусінова қатысты.
"Қай кезеңде болмасын мемлекет көп балалы отбасыларды назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекеттік бағдарламалар мен арнайы жобалар арқылы дем беріп,  қолдау көрсетіп келеді.Бастысы жоба арқылы көрсетілген көмекті одан әрі жандандырып, әрбір ана тұрмыс жағдайының жақсаруына жұмыс істеп, игі бастаманы әрі қарай белсенділікпен алып кетсе деген тілек білдіремін",- деді Оңдасын Оразалин.
"Менің кәсібім-отбасымның ырысы" жобасына  Ақтөбе қаласынан, Әйтеке би, Алға, Байғанин, Ойыл т.б аудандарынан   қолдарынан іс келетін, "Бизнес бастау" бағдарламасы арқылы сертификат алған көп балалы, мүгедек бала асыраушы отыз  ана қатыстырылған. Жобаға қатысушылардың  әрқайсысына тігін машинасы сыйға тартылды. Биылдан  бастап жүзеге асырылған республикалық әлеуметтік жобаның  мақсаты  көп балалы аналарға рухани қолдау көрсету, кәсіп ашудың қыр - сырын үйрету.
Сонымен қатар атаулы әлеуметтік көмекке жүгініп отырған аналарға өз істерін ашуға жәрдем беріп, қайтарымсыз грант арқылы қолдау көрсету. Тағы бір ерекшелігі сол  қатысушылардан ешқандай құжат талап етілмейді.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин  жобаға бастамашылық танытқан, тігіншілік өнерге үйретуге көмек қолын созған «Аzaia» ЖШС-нің   басшысы Айнұр Бақтығалиеваға ризашылығын білдірді.
Басқосуда мемлекеттік тарапынан көрсетілген қолдауларға әрбір ана алғыстарын білдірді. Сондай-ақ, олар аймақ басшысына тігін өнерін дамыту арқылы кәсіптерін кеңейтіп, үлкен дәрежелерге жетуге уәде берді.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі