Ақтөбе облысынан 12 жас маман Президенттік жастар кадр резервіне өтті

Дүйсенбі, 30 желтоқсан күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Президенттік кадр резервіне өткен ақтөбелік жас мемлекеттік қызмекерлермен кездесті. Аймақ басшысы  сынақтан сүрінбей өткен мамандарға сәттілік тілеп, ел дамуына қызмет етеді деген сенімін білдірді.
«Елбасының  Ұлт жоспары – бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадамында кәсіби талаптарды күшейту мәселесі көрсетілген. 6 кезеңнің барлығынан сүрінбей өту дегеніміз сіздердің тәжірибелеріңіз бен білімдеріңіздің жоғары деңгейде екенін көрсетеді»,-деді облыс әкімі.
Президенттік жастар кадр резервінің  Ақтөбе өңірі бойынша қорытындысын  облыс әкімі аппаратының басшысы Нұржауған Қалауов баяндады.
Республика бойынша финалға барлығы 13 мыңнан астам өтінім бергендерден  300 үміткер Президенттік жастар кадр резервіне алынған. ТОП-300 тізіміне өңірден 12 жас мемлекеттік қызметкер еніп отыр. Олардың 1 аудан әкімі, 1 квазимемлекеттік саланың жетекшісі, 6 жергілікті атқарушы органның қызметкерлері болса, 1 орталық мемлекеттік органның аумақтық департаментінің қызметкері,  3 кәсіпкерлік және жеке салада қызмет жасап жатқандар. «Іріктеудің бірінші кезеңіне облыстан 500-ден аса жастар қатысқан. Республика бойынша  Президенттік жастар кадр резерві қатарына енушілердің  ішінде Ақтөбе облысы  5-ші орында»,-деп атап өтті аппарат басшысы.
Резервке өту  құжаттарды қабылдау, қабілеттерді тестілеу, тестілеуді верификациялау, әлеуетті бағалау, сарапшылық комиссия мүшелерімен әңгімелесу және  ҚР Президенті жанындағы жастар кадр резерві жөніндегі Ұлттық комиссияның отырысы сынды кезеңдерден құралды. Үміткерлердің 57%-да алдыңғы қатарлы шетелдік білімі бар, 43%-ы -қазақстандық жоғары оқу орындарының түлектері.Іріктеу жеңімпаздарының орташа жасы 31. Қазір үздіктер қатарына енген 12 мемлекеттік қызметшінің кадрлық өсу жол картасын жасау жұмыстары басталды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі