Ақтөбе облысында «Туған жерге тағзым» акциясы аясында 817 млн теңгеге 560 жоба жүзеге асырылды

Облыс әкімдігінде өткен жиында өңір басшысының бастамасымен өткен жылы ұйымдастырылған акцияның қорытындысы жасалды.

2016 жылы акция аясында 817 млн теңгеге 560 жоба жүзеге асырылды. Өңірдегі әлеуметтік-жауапты кәсіпкерлердің бірі Қайрат Майтеков өз қаражаты есебінен 150 млн теңгеге мектепке жөндеу жасады.

Облыстың барлық аудандарында осы бағыттағы жұмыстар мақсатты түрде жүргізілуде: бюджеттен тыс қаржыға мектеп, балабақша, жолдар жөнделіп, жаяу жолдар мен көпірлер салынуда, оқу ғимараттарының материалдық-техникалық қоры жақсарып, кәсіпкерлер жерлестеріне спорт алаңдарын, мәдениет үйлерін тарту етуде.

Акцияға әйелдер бизнесінің өкілдері белсенді ат салысуда. Олар ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 қайырымдылық акциясы өткізіп, 1820 мұқтаж жанға көмек көрсетті. Халықтың әлеуметтік-осал тобы қажетті киім-кешекке қол жеткізе алатын екі игі істер дүкені ашылды. Кәсіпкерлер балалар үйінің түлектерін, Жайсаң мектеп-интернатының тәрбиеленушілерін патронаттық тәрбиеге алып, «ҚТҚЖБ» есепшоттарын толтыруда.

Өңір басшысының айтуынша, осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмыстар әлсіз жүргізілуде. Облыстағы қайырымды жандардың көмегімен бұдан да зор әлеуметтік мәселелерді шешуге болады. Бердібек Сапарбаев осы бағыттағы жұмыстарды күшейтуді аудандарға тапсырды.

-Өкінішке қарай, бұл акцияда бұқаралық сипат жоқ. Жобалар жоқ емес, алайда олардың көлемі шағын. Ал бізге ірі жобалар қажет. Тірек елді мекендеріне туған ауылының дамуына үлес қосып, өзі оқыған мектебіне барлық қолдан келген көмегін көрсететін кәсіпкерлерді бекіту қажет. Бұған қоса акцияның тәрбиелік мәні де бар. Әр азамат туып-өскен жерін ұмытпауы тиіс,-деді Бердібек Сапарбаев.

Өңірдің әлеуметтік саласының дамуына облыстағы жер қойнауын пайдаланушылар 2016 жылы 2,4 млрд теңге бөлген болатын. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында және ірі әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру мақсатында облыс әкімдігі «Қазхром ТҰК» АҚ (Оқушылар сарайының құрылысы), «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС (әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру), «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ (Жастар сарайының құрылысы) секілді облыстағы үш ірі жер қойнауын пайдаланушылармен меморандумға қол қойды. Жалпы алғанда, өңірдің әлеуметтік-дамуына облыстағы жер қойнауын пайдаланушылар 2016 жылы 4,7 млрд теңге бөлді, бұл 2015 жылмен салыстырғанда 51% көп.

Сонымен қатар, жиналыста өсімдік шаруашылығындағы фитосанитарлық жағдайға қатысты, асыл тұқымды мал шаруашылығы және шегірткені жоюға арналған мәселелер қаралды. Атап айтқанда, 2016 жылы тиімді қолданған шаралардың арқасында шегірткеден зардап шеккен жер көлемі екі есеге азайған. Облыс әкімі шегірткені жоюдың алдын-ала шараларын көрші облыстармен, мемлекеттермен бірлесе отырып қолға алуды, сонымен қатар, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бойынша жұмыстарды жүргізуді тапсырды.

Жиналыс соңында өңір басшысы тиісті мекеме басшыларының назарын бағаны ұстап тұру жұмыстарын жандандыруға аударды.

-Бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеуіміз қажет. Бұл үшін барлық қолда бар мүмкіндікті пайдалануымыз керек,-деп сөзін аяқтады Бердібек Сапарбаев.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі