Ақтөбе облысында автобуспен апатқа ұшыраған балалардың барлығы аман

Сенбі, 5 қазан күні Ақтөбе қаласының №9 мектеп-гимназиясының 5 класс оқушылары мен ата-аналары мінген автобустың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасындағы балалардың барлығы аман.
Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин төтенше оқиға бойынша жауапты сала басшыларымен шұғыл кеңес өткізіп, облыстық балалар ауруханасына барды. Сол жерде апатқа ұшыраған барлық оқушылардың және ата-аналардың қал-жағдайымен танысты.
Айта кетейік, бұл төтенше оқиға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тікелей тапсырмасымен бақылауға алынды.
Аймақ басшысы облыстық балалар ауруханасының бас дәрігеріне барлық оқушылардың денсаулықтарын толықтай тексеріп, қадағалауы қажет деп тапсырма берді.
Төтенше оқиға Ақтөбе қаласынан 13 км жерде орналасқан «Солтүстік айналма жол» тас жолында болған. Автобуста 18 оқушы мен 9 ата-ана болды. Алдын ала ақпарат бойынша, жолаушылар көлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзып, апатқа әкеп соққан. Балалар мінген автобус Ресейден келе жатқан Тәжікстан азаматы басқарған «Nissan» маркалы көлігімен соқтығысқан. Соқтығысу салдарынан автобус аударылып кеткен.
Қазіргі таңда апатқа ұшыраған барлық оқушылар мен ата-аналар аман. Жедел медициналық көмектің нәтижесінде 18 бала оқиға орнынан медициналық мекемеге жеткізілді. Оның екеуі жеңіл дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. 3 ересек адам Ақтөбе қаласының жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді.
Табиғат аясында демалыс сапарын ұйымдастырғысы келген ата-аналар мектеп әкімшілігі мен Ақтөбе қалалық білім бөліміне хабарламаған. Қазіргі уақытта барлық балалардың жағдайы қанағаттанарлық, кейбірі жеңіл дене жарақаттарымен ауруханада тексеріліп жатыр.
Өңір басшысы облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөліміне облыстық Полиция департаментімен бірлесіп, демалыс күндері табиғат аясына сапарға шығатын ата-аналарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі