Ақтөбе облысында кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны төмендеген

28 қараша, бейсенбі күні Ақтөбе облысы әкімідігінде облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысы өтті. Облыс прокуроры, департамент, басқарма басшылары қала және аудан әкімдері қатысқан жиында спорт, жастар, білім саласы мен ІІД-гі 10 айда атқарылған жұмыстар баяндалды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында барлық жас топтары арасында бұқаралық спортты дамытудың, балалар үшін спорттық инфрақұрылымға қол жетімділікті қамтамасыз етудің маңыздылығы атап өтілді. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау және тұрғындарды дене шынықтыру және спортпен айналысуға тарту, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында, облыста бірқатар жұмыстар атқарылып отырғаны белгілі»,-деді Оңдасын Оразалин.
Ақтөбе облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров балалар мен жастарды спортпен айналысуға тарту үшін алаңдар салу мәселесіне тоқталды. Соңғы уақытта өңірде спортпен шұғылдануға деген қызығушылық күрт өскен. Облыста 278 мыңнан астам азамат жүйелі түрде спортпен шұғылданады. Сонымен қатар 17 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі, жоғары спорт шеберлігі мектебі, олимпиадалық резерв орталықтары жұмыс жасайды. Аталған спорт орындарында жалпы 19 мың ақтөбелік жеткіншек тәрбиеленуде. Спорттық мектептерге 18 жасқа дейінгі балалар тегін қабылданады. Өңірде 85 спорт түрі болса, оның ішінде 32 олимпиадалық, 37 олимпиадалық емес, 8 ұлттық және 8 техникалық-қолданбалы спорт түрлері. 22- мүмкіндіктері шектеулі адамдар арасында спорт түрі. Ақтөбеде спорт ғимараттарының саны 85 ке жетті. Жыл басынан бері облыста 60 мыңнан астам азамат қатысқан 1500 ден астам республикалық, облыстық маңызға ие түрлі спорттық жарыстар ұйымдастырылған.
Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетов облыста 14-тен 29 жас аралығында 202 685 жастың барын жеткізді. Олармен жұмыс жасайтын 14 жастар ресурстық орталығы бар. Жыл басынан бері 2860 жас психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік-құқықтық түрлі бағыттағы сауалдармен жүгінген. Дегенмен, проблема да жоқ емес, жастар ресурстық орталығының жұмысын тиісті деңгейде жүргізу үшін Ақтөбе қаласы мен Әйтеке би, Алға, Қобда аудандарында штаттың жетіспеушілігі, қажетті ғимараттардың болмауы байқалады. Сонымен қатар, «Жастар қызметкерлері қауымдастығы», жастар бастамаларын қолдау бойынша Ақтөбе облысында «JasA!» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға қатысып, мемлекет тарапынан бөлінген 200 айлық есептік көрсеткіштегі грантты алған жастар қазіргі күні спорттық жобаларды жүзеге асыруға кіріскен. Ырғыз, Шалқар, Мұғалжар, Алға т.б аудандарда « Street орталық» алаңдары салынуда.
Облыс әкімі жастар саясаты мәселелері, денешынықтыру және спорт, білім басқармаларының басшыларына бірлесіп жүйелі жоспар әзірлеуді тапсырды. Жастар арасындағы салауатты өмір салтын қалыптастыру, спортпен шұғылдану мәдениетін одан әрі арттыруға арналған ұсыныс әзірлеу қажеттігін айтты.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Қанат Әлиевтің айтуынша 2019 жылдың 10 айында жасөспірімдер арасындағы ауыр және аса ауыр қылмыстар орын алмаған. Жалпы қылмыс саны өткен жылмен салыстырғанда 128 ден 112 ге дейін азайып, 12,5% төмендеген.
Білім басқармасы басшысының м.а Гүлназ Сүлейменова «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың қабылдаған шаралары жөнінде баяндады. Айтуынша, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бойынша 2019-2020 жылдарға арналған ведомствоаралық кешенді жоспар бекітілген. Кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекция есебіне 670, мектепішілік есепке 397 жасөспірім тіркелген. Аталған санаттағы білім алушылар «Адал ұрпақ», «Саналы ұрпақ» еріктілер және «Жас сарбаз» әскери-патриоттық клубтарының мүшелігіне тартылып, профилактикалық есепке алынған 230 жасөспірім қосымша біліммен қамтылған. Білім беру ұйымдары тарапынан 194 сәтсіз отбасы тіркеліп, 325 кәмелетке толмаған жасөспірім тәрбиеленуде.
Гүлназ Сүлейменова облыс әкіміне білім ошақтарындағы күзет қызметін күшейту ұсынысын жеткізді. 10 кәсіптік және техникалық білім беру ұйымында ғана күзет қызметі жұмыс жасайды. Олардың өзі мамандандырылған күзет қызметі емес. Облыс басшысы бұл мәселені түпкілікті түрде шешу үшін жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныс әзірлеуді тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі