Ақтөбе облысында кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтардың саны артқан

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин орынбасарлары Мейрамбек Шермағанбет және Қайрат Бекенов жетекшілік ететін 9 басқармаға қарасты атқарылған жұмыстардың нәтижелерін тыңдады.
«Өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени –ағарту, ішкі тұрақтылығын қамтамасыз ету мақсатында облыста тиісті шаралар қабылданып, жұмыстар жасалуда. Бүгінгі басқосу жоспарларыңызды тыңдап, қандай да бір кедергілер мен кемшіліктер болса соны талқылауға арналады»,-деп атап өтті облыс әкімі.

Білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева 2020 жылдың 8 айында облыста 851 орынға арналған 10 балабақшаның ашылғанын мәлімдеді. Жыл соңына дейін 20 балабақша іске қосылады. Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшылығы өткен жылмен салыстырғанда биылғы 8 айда өнеркәсіптің НИК 97,1% - ды құрағандығын жеткізді. Инвестицияның көрсеткіші артып, негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 340,4 млрд.тг құраған. Сонымен қатар, аймақта кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтар саны артқан. Мәселен, 5 млн тг дейінгі мемлекеттік грантты жеңіп алуға биыл 200 ден астам өтініш келіп түскен. 2019 жылы бұл көрсеткіш 162-ні құрады. Қазіргі күнге дейін «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша 18,9 млрд. теңгеге 177 жоба, "Еңбек" бағдарламасы арқылы 2,8 млрд.теңге сомасына 580 жоба мақұлданған. Бұл жөнінде кәсіпкерлік басқармасының басшысы Нұрхан Тілеумұратов айтып өтті.

Сондай-ақ, облыс тұрғындарына өз бизнесін ашу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп отырады. Облыс әкіміне мәдениет, мұрағаттар және құжаттама, ішкі саясат, жастар саясаты мәселелері, дін істері, тілдерді дамыту, индустриалды-инновациялық даму , еңбек инспекциясы басқармаларының 8 айда жасаған жұмыстары мен алдағы жоспарлары баяндалды. Ақтөбе облысы әкімі аппаратының басшысы хаттамалық тапсырмалардың орындалуы жайлы ақпарат берсе, облыс әкімінің баспасөз қызметі басқармалардың және басшыларының халықпен кері байланыс орнатуда байқалған бірқатар мәселелерге тоқталды.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин орынбасарларына қарқынды жұмыс жасауды тапсырды.

«Аймақта кәсіпкерлікпен айналысушы азаматтардың көбейгені жақсы үрдіс. Бизнестерінің ары қарай дамуына қолдау көрсетіп, аяқтан тұруына жағдай жасау қажет»,-деді Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі