Ақтөбе облысында кәсіпкерлік қызметті қолдаудың Жол картасы бекітіліп, қол қойылды

3 қазан, бейсенбі күні Ақтөбеде кәсіпкерлік саласына қолайлы жағдай жасау, мәселелерді талқылауға арналған жиын өтті. Ауқымды басқосуға Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов, "Атамекен" кәсіпкерлер мен жұмыс берушілердің өңірлік қауымдастығы "ҚБ басқарма төрағасы - Құрманғазин Есімхан, Ақтөбе облыстық Кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова, облыстағы ірі кәсіпорын басшылары мен т.б бизнес өкілдер қатысты.
Ақтөбе облысында белсенді шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 58 мыңнан асқан. Өткен жылмен салыстырғанда 10,6% - ға өскен.
Ақтөбе облысының экономикалық белсенді халқының үштен бірі шағын орта бизнесте немесе 32,7% жұмыспен қамтылған. Шағын және орта бизнес саласында жұмыспен қамтылғандардың саны 140 мыңнан асқан.Бизнес субъектілердің өндірген өнімі 185 млрд.теңгені құрады.
"Өңірде бизнес ортаны дамыту мақсатында, бизнесті жүргізу шарттарын жеңілдету және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша бірқатар реформалар жүргізілді.
Бизнес субъектілеріне бірыңғай форматта тексеру жүргізуді үйлестіру мақсатында Ақтөбе облысының әкімдігі «2019-2020 жылдарға арналған бірлескен тексеру жоспарын» іске асыруда және бизнес жүргізуді жеңілдету бойынша іс-шаралар жүргізуде. Нәтижесінде, Ақтөбе облысы бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша «Doing Business» субұлттық рейтингінде 3-орынға ие болды",-деді Оңдасын Оразалин.
2018 жылы Ақтөбе облысының кәсіпкерлерінен бизнесті қорғау мәселелері бойынша 283 өтініш түсіп, 164-і оң шешімін тапқан.
Жиында кәсіпкерлер кездесетін мәселелер бойынша қойған сұрақтарына жауаптар алды. 
Сондай ақ, жиынға қатысушылар кәсіпкерлік қызметті қолдауға арналған "Жол картаны" бекітті және оған қол қойды.
11 пункттен тұратын "Жол картада" жер учаскелері туралы ақпаратқа онлайн қол жеткізуді қамтамасыз ету, инженерлік - коммуникациялық желілерге қосу; жеке меншік балабақшаларды жан басына қаржыландыруға бөлінетін қаражатты арттыру, жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын Ақтөбе облысының сүт-тауар фермаларын дамытудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу, асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларына 50 бастан бастап сүт-тауар фермалары үшін мал азығын дайындауды субсидиялауды көздейтін өзгерістер енгізу сынды мәселелер көрініс тапқан.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі