Ақтөбе облысында Президенттің халықтың әл-ауқатын жақсарту жөніндегі барлық тапсырмасы орындалып жатыр

Сәрсенбі, 17 шілде күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин облыс активінің кеңейтілген отырысында барлық сала бойынша бірінші жарты жылдықтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді.
Кеңейтілген отырысқа ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Д.Шарипов және облыстық мәслихат депутаттары, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың басшылары, қоғамдық кеңес мүшелері, барлық аудан, ауыл әкімдері мен сала басшылары қатысты.
Аймақ басшысы өз есебінде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алға қойған мақсат-міндеттеріне тоқталып, алдағы уақытта облысымызда атқарылатын нақты жұмыстар туралы кеңінен айтып өтті.
- Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өсімін және халықтың тұрмысын жақсартуға баса назар аударды. Бұның барлығы Қасым-Жомарт Кемелұлының сайлауалды Бағдарламасы мен «Бірге» жалпыұлттық акциясын жүзеге асыру бойынша шаралар қабылдауға бағытталған. Осы орайда Ақтөбе облысы өз міндетін табысты орындап келеді. 1-ші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша өңіріміздің барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері өсті. Жыл аяғына дейін қарқынды өсімді қамтамасыз ететін боламыз, - деді аймақ басшысы.
Атап өтейік, қазіргі таңда Ақтөбе облысының өнеркәсіп саласы 105,1%, ауыл шаруашылығы 104,4%, инвестиция 102%, тұрғын үй  құрылысы 113,1%, құрылыс 102,3%, көтерме және бөлшек тауар айналымы 104,2% құрап отыр. Сонымен қатар, облыс әкімі өз баяндамасында халықтың табысын арттырып, кірісін көбейту бағытында нәтижелі жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталып өтті.
Облыс бойынша орташа айлық еңбекақы 11,7%-ға өсіп, 140 мың теңгеге жетті. Елбасының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап 70 мыңнан астам ақтөбеліктердің ең төменгі еңбекақысы 1,5 есеге өсті. 1 маусымнан бастап 70 мың бюджеттік қызметкерлердің жалақысы орташа 30%-ға дейін көбейді. Облыстың жеке секторлардағы 32 мыңнан астам қызметкерлердің жалақысы орта есеппен 15%-ға артты.
- Қазіргі таңда нарықтық қатынастарға байланысты бағаның өсуіне жол бермеу өте маңызды. Облысымызда инфляция деңгейі республикалық көрсеткіштен төмен 102,2% құрады. Сондықтан, әрбір аудан және Ақтөбе қаласының әкімдері, салалық басқарма басшылары аталған тұрақтылықты сақтап, осы тапсырманы орындауы тиіс. Мемлекет басшысы жаңа жұмыс орындарын құру мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Бүгінгі таңда облыста 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. Жылдың аяғына дейін қосымша 9 мыңнан астам жұмыс орнын құратын боламыз. Қабылданып жатқан шаралар жұмыссыздықты 4,8% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Тағы бір маңызды бағыт бюджет кіріс бөлігінің өсу қарқынын қамтамасыз ету. Қазіргі уақытта облысымызда жергілікті бюджеттің кірістері 106,8%-ға орындалып, бөлінген қаражат 99,4% игерілді. Жылдың соңына дейін 100% игеру жоспарлануда.
Соңғы кездері қоғамдық мәселеге айналған — жеке баспанасы жоқ 9 мың ақтөбелік көп балалы және аз қамтылған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету қолға алынбақ. Ағымдағы жылы оларға 1200-ден астам пәтер беру жоспарланып отыр.
Облысымыз тұрғын үй құрылысы бойынша да республикада алдыңғы қатардан көрініп келеді. Ағымдағы жылдың аяғына дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында пайдалануға 1 миллион шаршы метрден кем емес тұрғын үй немесе 8,7 мың пәтер беріледі.
Облыс басшысы өз баяндамасында индустриалық даму, өнеркәсіп, ауылшаруашылық, туризм, шағын және орта бизнесті дамыту, автомобиль жолдары, су, газбен жабдықтау, көп балалы және аз қамтылған отбасыларды қолдау, тұрғын үймен қамту, білім, спорт, денсаулық сақтау салалары бойынша да кеңінен тоқталып, қала, аудан әкімдері мен сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Жиын соңында Қоғамдық кеңестің мүшесі, кәсіпкерлердің құқын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет кеңесінің төрағасы Е.Құрманғазин, Ақтөбе рельс-арқалық зауытының Бас директоры В.Обилец,  облыстық мәслихат депутаты, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Г.Ерғазина, С.Бәйішев атындағы университеттің 3 курс студенті, «РИКА» телеарнасының тележүргізушісі, Д. Мүрсәлім сөз алып, өз ұсыныстарын айтып өтіп, аймақ басшысының облыс көлемінде атқарып жатқан жұмыстарына оң бағасын берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі