Ақтөбе облысында танымал «Шалқар» минералды суын өндіруді бастады

Все рабочие поездки акима
Жұма, 16 Ақпан, 2018

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 16 ақпан, жұма күні Шалқар ауданында іссапармен болып, бірқатар ауылдық округтердің және аудан тұрғындарымен кездесіп, өндіріс орындарының жұмысымен танысты. Аймақ басшысымен бірге облыс прокуроры Марат Қайбжанов, сот төрағасы Мұратғали Әкетай, мемлекеттік және өңірдің күштік құрылымдарының қызметшілері еріп жүрді.    

Ең алдымен облыс әкімі Байқадам ауылындағы «Нұралы» фермерлік шаруашылығы жанындағы «Шалқар еті» ет өңдеу комбинатының жұмысымен танысты.

Ет кластерін дамыту аясында ашылған комбинат қазы, тұшпара және фарш өндіруді жолға қойған. Жылдық өндірістік қуаты 1800 тоннаны құрап отыр. Қазіргі таңда шаруашылық 600 мүйізді ірі қараны өсіріп отыр.

Ет комбинатының басшысы Бердібек Шәкірұлы: «Біз елімізде ең алғашқы болып қазақ дәстүрін сақтай отырып, ет асуға қажетті ет тілімдері, құрметті қонақтарға ұсынылатын сүбелі сүйектері бар тауарларды өндіруді бастадық. Дәстүрге сай дайындалған тағамдар арнайы термоқораптарға оралып, сыртында асты дайындау жазбасымен шығарылып отыр.   

Жаңа өндіріс орнындағы жағдаймен танысқан соң облыс әкімі басшылыққа жергілікті әріптестермен шектеліп қалмай, өзге  аудандардың мал шаруашылығы мамандарымен де әріптестік орнатуға шақырды.            

Байқадам ауылы тұрғындарымен кездесу кезінде өңір басшысы ауданда мал шаруашылығын дамытуға қолайлы барлық жағдай бар екенін атап өтті.    

 «Мал басын көбейту қажет, өкінішке қарай, бұл ауданда өткен жылмен салыстырғанда мал басы едәуір азайып отыр. «Сыбаға», «Құлан» мемлекеттік бағдарламалары толық орындалмай отыр» деп Бердібек Сапарбаев аудан басшылығына жағдайды арттыру үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.  

Өңір басшысы Шалқар қаласында 1991 жылдан бастап тоқтап тұрған «Шалқар суы» минералды суын өндіретін цех жұмысымен танысты.  Қазіргі уақытта жергілікті кәсіпкер бұл цехты қолға алып, қайта қалпына келтіруде. 

20 ғасырдың 50 жылдарының соңында Шалқар ауданында ерекше  минералды азотты-кремнилі судың бай қоры табылғаны белгілі. 1961 жылы қалада минералды су құятын шағын цех ашылып, 1979 жылы оны қайта қалпына келтіріп, өндірістік базасы мықты жаңа зауыт салынды.   

 

«Шалқар суы» минералды суының емдік-асханалық құрамы өте ерекше болғаны соншалық, ол Кеңестер одағының барлық дәріханаларында сатылды.

Былтырғы жылдан бері өндірісті жаңғыртуға 780 млн теңге инвестицияланды. Кәсіпорын директоры Раушан Қонақбаева мәлімдегендей жаңартылған цехта айына 1,5 млн литрден астам минералды су мен өзге де сусындарды шығаратын заманауи еуропалық жабдық орнатылмақ. Өндіріс жұмысқа қосылысымен қырық адам жұмысқа оранласады.

«Әзірше тесттік тәртіпте жұмыс жасап жатырмыз. Өндірісті наурыз айының ортасына қарай толықтай іске қосуды жоспарлап отырмыз»,-деді Раушан Қонақбаева.

Өндіріс желісімен танысып шыққан облыс әкімі еңбек ұжымының әрі қарайғы қызметіне табыс тіледі.

Аудан орталығында Бердібек Сапарбаев сондай-ақ, «Томирис» балабақшасы мен «Шалқар саясы» мүгедектерді қолдау орталығында болды.

Шалқар аудандық мәдениет үйінде өткен тұрғындармен кездесу кезінде облыс әкімі өңірдің экономикалық жағдайы мен биылғы жылдың жоспары жайында қысқаша айтып кетті.

Кездесу кезінде шалқарлықтар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, Шалқар көлінің жағдайы мен елді мекендерді газдандыру мәселелерін қозғады. Сонымен қатар, Ақтөбе мен Шалқар арасына қатынайтын пойыз вагондарының санын көбейтуді сұрады. Бердібек Сапарбаев ауыл тұрғындарының барлық сауалдары мен өтініштері мұқият қаралатынына уәде берді.

Сол күні Бердібек Сапарбаев Шетырғыз ауылдық округіне қарасты Қаратоғай ауылында болып, тұрғындармен кездесті. Аудан орталығынан 135 шақырым жерде орналасқан ауылдық округте 800-ден астам адам тұрады. Былтыр Қаратоғайға газ кіріп, 120 орындық мектеп салынды. Мектепте өткен кездесмуде Қаратоғайлықтар аудан орталығына апаратын жолдың сапасына, ұялы байланыс пен интернеттің жоқтығына шағымданып, ауылға жаңа балабақша салып беруді өтінді.

Барлық сұрақтарға жауап берген облыс әкімі ауылда бірнеше жылдан кейін бүлдіршіндер саны жүзден асса, балабақшаның міндетті түрде салынатынына уәде берді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі