Ақтөбе облысында Тұңғыш Президент күніне орай мерекелік шаралар басталды

29 қараша, жұма күні Ақтөбеде  «Ел қалауы – Елбасы» атты 1-желтоқсан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне арналған мерекелік шара  ұйымдастырылды.
 «Егемендігім – елдігім»  композициялық-музыкалық би қойылымымен ашылған салтанатты  шарада  көпшілік назарына Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  елімізге сіңірген еңбегі мен сарабдал саясатының жемісті нәтижелері жайында  «Мәңгілік Ел салтанаты» бейнеролигі ұсынылды. 
 Еліміздің әрбір қол жеткізген жетістігі мен табысы Елбасының есімімен тікелей байланысты екенін айтқан облыс басшысы  ақтөбеліктерді  Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады. 
"Бұл жалпыхалықтық мейрам – еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың  Қазақстанның игілігі үшін, абырой-беделінің артуы үшін атқарып жатқан еңбегінің, әлем қауымдастығының алдындағы зор абыройының заңды нәтижесі. Бұл халқымыздың Тұңғыш Президентіне, ұлт Көшбасшысына шынайы ризашылығын білдіріп, өзіміздің дербес «Қазақстандық жолымызға» көз жүгіртетін, ой қорытатын сәт. Сол бір кезеңде, қазақ елі өзінің Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты бірауыздан сайлап, Елбасымыз ата-бабамыздың ғасырлар бойы асыл арманы болып келген егемен еліміз, тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы жүгі ауыр аманатын арқалады. Осы кезеңнен бастап жаңа Қазақстанның тәуелсіз жолы қазақ шежіресінің алтын жолдары ретінде жылнамаға жазылуда.",-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімі шара барысында қайырымдылық жасап, түрлі қиын  жағдайларға демеушілік көрсеткен  7 азаматқа «Жомарт жүрек – 2019» республикалық байқауының түрлі номинациялары бойынша марапаттады. Сонымен қатар, аймақ  дамуына қосқан үлестері үшін 7 еңбек ардагеріне   «Облысқа еңбегі сіңіргені үшін» медалін табыстады.
Іс-шара  мерекелік отшашумен аяқталды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі