Ақтөбе облысында 420 баланың тегін демалуына жолдамалар берілді

Ақтөбе өңірі 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күнін атап өтті. Мерекеге орай, ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта  балалар жүгірісінен қала біріншілігі ұйымдастырылды. V халықаралық «CNPC-AMG Aqtobe HalFMarathon» аясында өткізілген шараға облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысып, жас спортшылардың өнерін тамашалады.  Бүлдіршіндерге жылы лебізін білдіріп, олармен естелікке суретке  түсті.  Балалар жүгірісінде  қатысушылар 4 жас санаттары бойынша сынға түсті . Жарыс жеңімпаздары, медалдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталады, әр қатысушыға V халықаралық «CNPC-AMG Aqtobe HalFMarathon» финишер медалы табысталып,  балаларға балмұздақтар таратылды. Сонымен  қатар, облыс басшысы  “Қазақ халқына мың алғыс” стелла алаңында  ұйымдастырылған  іс-шараны тамашалады.  Концерттік шара “Бақытты балалық шақ” композициясымен ашылды. Балалар мерекесіне  орай, Ақтөбе облысының  әкімі  дарынды, оқуда озат  балалардың тегін демалуына  сертификаттар табыс етті. 420 бүлдіршін демалыс мезгілін  өңіріміздің демалыс орындары мен қатар, Алматы, Шығыс Қазақстан аймақтарында өткізетін болады.
«Дүниеде баладан асыл, олардың сәби күлкісінен қымбат қазына жоқ. Балалар – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі. Біз қазақ халқы қай уақытта болмасын, бақытымызды баламыздан іздеп, ұрпақ тәрбиесін ұлттың болашағы деп білеміз. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келген әрбір сәбиге еліміздің ертеңін сеніп тапсыратын тұлға деп қарап, отбасы тәрбиесіне қатты көңіл бөлу қажеттігін үнемі жадымызда ұстауды тапсырды.  Сәбилеріміздің  ұйқысы тыныш, көңілдері тоқ болсын. Баршаңызды 1-маусым  Халықаралық балаларды қорғау күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын»,-деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Облыс басшысы содан соң,  «Tree of life Aktobe» аквапаркі маусымының  ашылуына қатысты. Аквапарк 2018 жылы іске қосылған. Күніне 600 адамның  демалуына мүмкіндік бар.  Биылғы маусымның ашылу құрметіне  аквапарк  балаларға арнап  түрлі  ойындар мен көңілді  шаралар ұйымдастырған. Балалар  бассейнге шомылып, әуе шарларын ұшырды. Аймақ басшысы  аквапарктің  ішін аралап, бүлдіршіндерге демалыстың сәтті өтуін тіледі.