Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары Ассоциациясы 10 жылдық мерейтойларын атап өтті

28 қараша, бейсенбі күні «Диалог. Ынтымақтастық. Жауапкершілік» тақырыбында Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдары Ассоциациясының 10 жылдығы аталып өтті. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімі Оңдасын Оразалин үкіметтік емес ұйым өкілдерін мерекелерімен құттықтап, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
«Ақтөбе облысының Үкіметтік емес ұйымдардың ассоциациясы өңіріміздің қоғамдық-саяси өмірінде өзіндік орны бар беделді ұйым. Азаматтық сектор қоғамымыздың қозғаушы күші. Қоғамдық сананы қалыптастыруда азаматтық сектордың орны ерекше екендігі белгілі.
Сондықтан біздің елімізде азаматтық қоғам институттарын қолдау, мемлекеттік мекемелер мен үкіметтік емес ұйымдардың қоян-қолтық жұмыс жасауы бірізділікке қойылған.
Мемлекет Басшысының Жолдауында осы бағыттағы қойылған міндеттерді тиімді жүзеге асыру, азаматтық қоғамның одан әрі нығаюына ықпал етеді.
Сол себепті, үкіметтік емес ұйымдар секторымен бірге одан әрі өзара қарым-қатынастардан әрі нығайту – әрбір мемлекеттік органның басты назарында болуы тиіс»,-деді Оңдасын Оразалин.
Аймақ басшысы 30-ға жуық ұйым жетекшілерін азаматтық қоғам институттарын дамытуға қосқан үлесі және маңызды әлеуметтік проблемаларды шешуге ат салысқаны үшін алғыс хаттармен, Ақтөбе қаласының 150 жылдығына арналған мерекелік медалімен марапаттады.
Сонымен қатар, «Халықаралық ядролық қаруға қарсы «Семей-Невада» қозғалысы» қоғамдық қоры Батыс Қазақстан аймақтық филиалының директоры, профессор Ізімғали Көбенов облыс әкімі Оңдасын Оразалинге қоғамдық бірлестіктің арнайы медалін, және Олжас Сүлейменовтың кітабын табыстады.
Айтып өтейік, қазіргі кезде облыстық әділет департаментінде 764 – коммерциялық емес ұйым тіркелген, оның ішінде қоғамдық бірлестіктер – 404, қоғамдық қорлар – 205, заңды тұлғалар бірлестігі – 30, жеке меншік мекемелер – 125. Оның ішінде 100-ден астам үкіметтік емес ұйым белсенді жұмыс жасайды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі