Ақтөбе облысының әкімі екі дүркін Азия чемпионы Юсуп Батырмырзаевпен кездесті

3 наурыз, сейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Нью-Делиде өткен еркін күрестен екі дүркін Азия чемпионы атанған, Ақтөбе өңірінің тумасы Юсуп Батырмырзаевпен кездесті. Жиынға облыстық спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, Ақтөбе облысы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов, жеке жаттықтырушы Бауыржан Нұрмаханов т.б қонақтар қатысты.
" Өскелең ұрпақтың әлем алдында көк туымызды биікке көтеріп, жеңіске жетуі біз үшін үлкен қуаныш, әрі абырой! Ақтөбе облысының ғана емес, бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналған азаматымызды қашанда қолдауға әзірміз, алдағы уақытта да спорт саласындағы шыңдарды бағындыруыңа тілектеспін",- деді аймақ басшысы.
Бұдан соң, Дәурен Жабасов пен Юсуп Батырмырзаев облыс әкіміне алғыстарын білдірді.
" Өңірде спорт саласының дамуына және жасөспірімдердің спортпен шұғылдануына жағдай жасап денешынықтыру залдарының салынып жатқандығына рахмет айтамын. Жарыс өте тартысты өтті жерлестерімнің қолдауын сезіндім",-деп атап өтті Азия чемпионы.
Естеріңізге салып өтейік, 24 жастағы спортшы 2019 жылы жасөспірімдер арасында Азия чемпионы атанған болатын. Биылғы жылдың 16-25 ақпан аралығында ересектер арасындағы грек-рим, еркін және әйелдер күресінен Азия чемпионатында барлық қарсыластарынан сенімді жеңіске жетіп, екі дүркін Азия чемпионы атанды.
Бірінші тартыста тәжік палуанын 10-0 есебімен жеңді, екінші кездесуде үнді палуанын жеңсе , жартылай финалда Иран палуанын 10-0 есебімен жеңді. Финалда моңғолиялық балуанды таза жеңіспен жеңді.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі