Ақтөбе облысының әкімі Темір және Мұғалжар аудандарына іс-сапармен барды

Сәрсенбі, 29-мамыр күні, облыс әкімі Оңдасын Оразалинның жұмыс сапары Темір қаласындағы  бой көтеріп жатқан дәрігерлік амбулатория құрылысымен танысумен басталды.  2017 жылдың  қараша айында бой көтерген нысанның қазірде 80% құрылыс жұмысы аяқталған. Көпшілік игілігіне осы жылдың маусым айында  берілмек.Аймақ басшысы жауапты мамандарға  медициналық мекеме жұмысын мерзімінде аяқтауды тапсырды.                                             
                  Облыс әкімі бұдан соң, кірпіші 1905 жылы қаланған  Темір қалалық  мешіті мен  1870 жылдан бері  қызмет етіп келе жатқан православтық шіркеуге ат басын бұрды. Оңдасын Оразалин ғибадат үйлерінде болып, діни қызметкерлермен кездесті.Аталған екі нысанға демеушілердің  қолдауымен қайта қалыпқа келтіру, күрделі жөндеу жұмыстары жасалған.                                                                            
      Аймақ басшысының жұмыс сапары  Кеңқияқ ауылдық округінде жалғасты. Облыс әкімі жергілікті тұрғындармен кездесті. Жиында  денсаулық сақтау, білім,құрылыс басқармаларының басшылары да болды. Тұрғындармен кездесу барысында  облыс басшысы үш бірдей ауылдық округтерде  Кеңқияқ, Шұбарши, Соркөлде  ауыз су мәселесінің  шешілетіндігін жеткізді.              

         «Тұрғындардың басты проблемасына айналған жол мәселесі жоспарға сай кезең-кезеңімен оң шешімін табады. Ал, ауыз су мәселесін шешуге кірістік. Аталған үш ауылдық округті сумен қамтамасыз ету үшін жүргізілетін құрылысқа қажетті 850 млн теңге бюджеттен бөлінеді»,-деді облыс әкімі тұрғындармен кездесуде.         Ал, қалған ауылдық округтердегі су мәселесі облыстық мәслихат сессиясында көтеріліп,қарастырылатын болады.             

           Сонымен қатар, Кеңқияқта жыл сайын бала санының артуына байланысты қосымша мектеп салу, және жастардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында спорттық кешен салу, жұмыссыздық  мәселелері көтерілді. Кеңқияқтағы 600 орындық мектепте қазір  1400 ге жуық бала білім алуда. Аймақ басшысы аталған мәселелер бойынша білім басқармасының басшысына  мәселенің толық зерделенуін  тапсырды.

Тұрғындармен кездесуден соң, жиын марапттау рәсімімен жалғасты. Оңдасын Оразалин  өңірдің қоғамдық – мәдени дамуына үлес қосқан 3 азаматты облыс әкімдігінің  алғыс хатымен марапаттаса, мәдениет саласында  тер төккен тағы бір азаматқа  Мәдениет министрінің марапатын табыстады.                                                   
          Аймақ басшысы  халықпен жеке қабылдау да өткізді. Тұрғындар пәтер алу, көп балалы аналар үшін төленетін жәрдемақы, атаулы әлеуметтік көмек сынды  түрлі мәселелерді көтерді.                        
     Өңір басшысы, сонымен қатар осы ауылдың  тұрғыны ҰОС ардагері Ануар Ахметзяновтың шаңырағына бас сұғып, қарияның жағдайын білді. 93 жастағы  ақсақал  Темір ауданындағы жалғыз  ҰОС ардагері.  Облыс әкімінің  арнайы ат басын бұрып келгені  үшін ардагер алғысын білдіріп, ақ батасын берді.

Бұдан соң, облыс әкімі  Шұбарши ауылында болды. Шұбарши а.о.  және Саркөлдік  тұрғындармен кездесті. Ауыл тұрғындары ауыз су, көгілдір отын, мектеп, спорттық нысандар салу қажеттігін айтты. Ауылдық жерлердің әлеуетін көтеру мақсатында  аймақ басшысы  Шұбарши ауылында  320 орынға арналған мектеп-интернаты мен  60 орындық   жатақхана  салынтындығын жеткізді. Сондай-ақ,облыс әкімі  осы ауылдарда көп фунцияналды шағын спорт кешенін салуды ұсынды. Аймақ басшысы Шұбарши ауылының белсенді жастарына разылығын білдірді. Себебі, олар ауылдың көркеюіне ат салысып, өз күштерімен ағаштар отырғызып көгалдану жұмыстарын жүргізіп келеді.Жиыннан соң, тұрғындармен жеке қабылдау өткізіп, түрлі сауалдарға  жауап берді.

Өңір басшысының кезекті сапары Мұғалжар ауданы Батпақкөл ауылдық округінің Жағабұлақ ауылында жалғасты. Мұна облыс басшысы тұрғындардың түйіткілді мәселелерін тыңдады. Олар ауыз су, көгілдір отын проблемасынан өзге, жұмыссыздық мәселесін шешіп беруді сұрады. «Көтеріп отырған мәселелерді мұқият тыңдадым. Аталған  проблемалардың оңды шешімін табуына ықпал жасалады, дегенмен де,кейбірі уақытты талап етеді. Жұмыссыздықты азайту бойынша да тиісті шаралар атқарылатын болады»,- деді облыс әкімі.