Ақтөбе облысының әкімі тұрғындарды қабылдады

Бүгін облыс әкімі Оңдасын Оразалин өңір тұрғындарының әр түрлі шағымдары мен өтініштерін қарау бойынша қоғамдық қабылдау өткізді. Тұрғындардың өтінішін тыңдауға арналған кездесуге қала әкімі, жауапты сала мамандары қатысты. Ақтөбелік азаматтар баспана алу, денсаулық, жұмыссыздық, кәсіпкерлікке қолдау және т.б мәселелерді көтерді. Қарғалы ауылының тұрғыны Мұратбек Өксікбаев қызы Гүлім Зейнуллаеваның жұмысқа жарамсыздығын айтып, мүгедектікке шығаруды сұрады. Қобда ауданынан Жанна Қамыспаева кәмелет жасына толмаған қызының екі бүйрегін Минскі қаласында ауыстыру бойынша қолдау көрсетуді сұрады. Қала тұрғыны 2-топ мүгедек Артықова Қамар Ташкент қаласында емделгісі келетіндігін жеткізді. Тұрғындардың көтерген мәселесін мұқият тыңдаған аймақ басшысы денсаулық сақтау басқармасының басшылығына өтініштердің шешілуіне барынша ықпал жасауды тапсырды. Ақтөбе қаласының тұрғыны Юлия Липперт “ Бақытты отбасы” бағдарламасына қатысуға байланысты бірқатар сауалдар қойды.

Сонымен қатар, зейнеткер Сәрсенғали Сқақұлы Заречный-2 ауылына мектеп салуды, белгілі металлург Сертай Кенжалиннің атына көше беру туралы ұсыныс айтты.

Ұсыныс білдірген азаматқа 2017 жылдан бастап әкімшілік-аумақтық бірліктер мен олардың құрамдас бөліктеріне кісі есімдерін беруді шектеу жөнінде тапсырма берілгендігі хабарланды.

Облыс басшысы Оңдасын Оразалин қала әкімі Асхат Шахаровқа Заречный-2 ауылына мектеп салу бойынша ұсыныстар әзірлеуді, сондай-ақ, мемлекеттік бағдарламалар арқылы баспана кезегінде тұрғандарға тұрғын үйді ыждағатты беруді тапсырды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі