Ақтөбе облысы мен Орынбор арасындағы сауда айналымы 42 млн АҚШ долларын құрады

Жұма, 25 қазан күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Орынбор облысына іс-сапармен барып, екі жақты  маңызы бар  бірнеше кездесулер жүргізді. 
Өңір басшысын Вице-губернатор Орынбор облысы Үкіметі Төрағасының  м.а әлеуметтік саясат жөніндегі орынбасары Павел Самсонов қарсы алды. 
Оңдасын Оразалин жұмыс сапарын Орынборда білім жатқан ақтөбелік жастармен,  Орынбор облысы қазақтарының ассоциациясымен кездесуден бастады.
Н.К.Крупская атындағы Орынбор облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында  ұйымдастырылған басқосуда  екі ел арасындағы тығыз қарым-қатынас, мәдени, саяси-әлеуметтік байланыстар жайлы әңгіме өрбіді. Сонымен қатар, кездесуге  арнайы келгендер екі облыстың басшысына  Жайсаң-Сағаршын өткізу бекетінің қызмет  сапасына қатысты  сұрақтар қойды.
Аталған мәселелердің жақын арада шешілетіндігі айтылды.
"Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Ресей Президенті Владимир Путиннің екі ел арасындағы барлық саладағы байланыстар жемісті жүріп жатыр, жалпы ынтымақтаса жұмыс жүргізудеміз, шешімін таппай отырған бірде-бір мәселе жоқ деп атап көрсеткен еді. Қазіргі күні Елбасының «Болашаққа бағдар, «Рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында ұлттық тарихымызды, мәдениетімізді түгендеуге, оның көкжиегін кеңейтуге, рухани болмысымызды бүтіндеуге бағытталған іргелі шаралар атқарылып жатыр. Бүгінгі кездесуіміз солардың бірі деп есептеймін. Ақтөбе мен Орынбор өте жақын орналасқан көршілес өңірлер. Жыл сайын экономикалық, рухани байланысымыз нығайып келеді. Сіздердің орталарыңызда Ақтөбе қаласының "Құрметті азаматы", біздің  жерлесіміз, "Серебряный возраст" ансамблінің жетекшісі  Нина Таранованы көргеніме өте қуаныштымын. Спорт саласына айрықша үлес қосып жүргендердің қатарында Дамир Ысмағұлов - М1 Global нұсқасы бойынша әлем чемпионы,  Құрманғазы Шаймұханов - қоян-қолтық ұрыстан чемпион, көшпенділердің дүниежүзілік ойындарының жүлдегері, Жанар Құсайынова - Еуропа әлем чемпионы, Еуропа ойындарының жүлдегері, самбо және дзюдодан ел құрамасының мүшесі. Олар біздің де мақтанышымыз",-деп атап өтті облыс әкімі.
Сонымен қатар, Оңдасын Оразалин белсенді  6 студентке  алғыс хат табыстады.
Қазіргі таңда Орынборда Ақтөбе облысынан  200-ге жуық студент білім алу үстінде. Мұнда қазақ ұлты облыс тұрғындарының 6% құрайды. Қазақтардың 12 ұлттық мәдени орталығы жұмыс жасайды. Қазақ тілінде оқытатын 40-қа жуық орта мектеп бар.
Облыс басшысы бастаған делегация жиыннан соң 1888 жылы ашылған көне кітапхананы аралап, кітап қорларымен танысты. Әмбебап қорға бай кітапханада білімнің барлық салалары бойынша әдебиеттер, 2,3 млн. данадан астам құжаттар, оның ішінде 100 шет тілінде 30 мыңға жуық басылымдар бар.
Бұдан соң  Оңдасын Оразалин Орынбор облысының губернаторы  Денис Паслермен кездесті. Екі жақты кездесу барысында сауда-экономикалық, транзиттік қатынас, кәсіпкерлікті дамытуға қатысты мәселелер талқыланды.
" Қазақстан мен Ресей стратегиялық әріптес мемлекеттер. Бүгінде РФ Ақтөбе облысының негізгі сауда әріптесі саналады. Екі ел арасында кәсіпкерлік саласы бойынша тығыз қарым-қатынас орнаған. 2019 жылдың  қаңтар шілде айында Ақтөбе мен РФ арасындағы сауда айналым көлемі 586 млн АҚШ долларын құраса, экспорт 212 млн АҚШ долларына жетті.Ал, Ақтөбе мен Орынбор арасындағы сауда айналым 42 млн АҚШ долларын құрады",-деді облыс басшысы.
Аймақ басшысының РФ жасаған сапары Орынбор облысының қоғамдық ұйымдар мен бизнес-қауымдастық өкілдерімен кездесумен  аяқталды.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі