Ақтөбе облысы Универсиадаға белсенді түрде қатысады

Ақтөбе облысының әкімдігінде өткен жиналыста 28-ші Дүниежүзілік қысқы Универсиада-2017 Алауының Эстафетасын өткізудің дайындық барысы қаралды.

28-ші Қысқы Универсиада-2017 алауының эстафетасы Қазақстанда 25 қаңтар күні бастау алады. Ақтөбеде басты студенттік ойындардың алауын жағу рәсімі 27 қаңтарда өтеді. Ұйымдастырушы комитеттің мәліметі бойынша, эстафетаның жүріп өтетін жолы жасалып, дарынды спортшылар, белсенділер мен жастардан құралған көшбасшылардың арасынан алау ұстаушылар таңдалды. Оларға Универсиада алауының қорғаушылары жол көрсетеді.

28-ші қысқы Универсиада Алматыда 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді. Оңтүстік астанаға 57 елден 2 мыңнан астам спортшылар келеді. Біздің облыстың атынан конькимен сырғанаудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Қ,Жұбанов атындағы АӨМУ студенті Мария Сизова шығады. 11 ақтөбелік Универсиаданың еріктілері болады.

Жиын барысында сонымен қатар, «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысу үшін дайындық мәселесі де қаралды.

Белгілі болғандай, Ақтөбе облысының әкімдігі 2015 жылдың желтоқсан айында «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы» АҚ-мен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Өңір ұлттық павильон үшін 25 инновациялық жоба ұсынады. Атап айтқанда, су ресурстарын, ауыл шаруашылығын, энергия үнемдеу және энергия тиімділігі, қуат көздерін қалпына келтіру, қалдықтарды кәдеге жарату, ауаның ластануын төмендету, сондай-ақ экожүйелерді қорғау және оңтайлы басқару жөніндегі жобалар.

- ЭКСПО-2017 көрмесін Астанада өткізу мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып отыр. Аталмыш жобаны жүзеге асырумен ел экономикасы, атап айтқанда өңіріміздің экономикасы оң өзгеріске ие болады. Ақтөбе облысы көрменің өтуіне елеулі үлес қосуы тиіс,- деді Бердібек Сапарбаев.

Жиналыс соңында облыс әкімі дайындықты жалғастырып, сонымен қатар өңірде Универсиада мен ЭКСПО-ың ақпараттық қолдауын күшейтуді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі