Ақтөбе облысы экономикасының инвестиция көлемі 9 айда 371,6 млрд.теңгені құрады

1 қараша, жұма күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің  төрағалығымен инвесторларды тарту және өңірдің инвестициялық ахуалын жақсарту жөніндегі өңірлік кеңестің кезекті отырысы өтті.
Кеңес отырысына қазақстандық және шетелдік инвесторлар, кәсіпкерлер, мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың басшылары, Ақтөбе облысының даму институттарының өкілдері қатысты.
Ақтөбе облысына жұмыс сапарымен келген Астана халықаралық қаржы орталығы (AХҚО) басқармасы төрағасының кеңесшісі Болатбек  Қуандықов инвесторларға АХҚО бар әлеуетін және қаржы нарығының қолданыстағы құралдарын таныстырды.
Өңір басшысы инвестиция көздерін тарту мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы екенін, 2024 жылға қарай инвестиция деңгейін 30% жеткізу үшін жұмыстар атқарлып жатқандығын айтты.
"Өңірде  «Кедергісіз Бизнес» жобасы жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, инвесторлар үшін фронт-офис жұмыс істейді, онда бір алаңда «Kazakh Invest» өкілдігі, инвесторларға қызмет көрсету орталығы, «Атамекен» ӨКП және «Ақтөбе» ӘКК қызмет көрсетіледі.
Әкімшілік кедергілерді жою үшін өңірдің өнеркәсіп кәсіпорындарын тексерудің шоғырландырылған жоспары бекітілді.
Нәтижесінде, Дүниежүзілік Банктің зерттеу қорытындысы бойынша Ақтөбе облысы республикада бизнесті жүргізу жеңілдігі бойынша 3 орынға ие болды",-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Облыста қолайлы  инвестициялық климаттың арқасында Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Германия, Нидерланды т.б 900-ден астам шетелдік компания жұмыс істейді. Ақтөбе өңірі шикізаттық тәуелділіктен ауытқып, Қазақстан өңірлері арасында өңдеу өнеркәсібінің көлемі бойынша көшбасшы болып табылады.
Өткен жылдың өзінде  өңдеу жұмыстарына  52 млрд.теңге инвестицияланған.
Биыл  көлемі 140 млрд.теңге болатын 25 жаңа инвестициялық жобаны енгізу көзделіп отыр.
2019 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының  инвестиция көлемі 371,6 млрд. теңгені немесе 102,3%артқан.
Жиында сондай-ақ, инвесторлар мен кәсіпкерлерге «Қазына Капитал Менеджмент» АҚ көрсететін мемлекеттік қолдау шаралары ұсынылды.
Ол инвесторлар мен кәсіпкерлерге бизнес жүргізу кезінде кездесетін өзекті мәселелерді жариялауға және талқылауға мүмкіндік берді.
"Біздің алдымызда экономикалық әлеуетті арттыру, отандық және шетелдік инвесторларды тарту, жұмыс орындарын құру және салық салу базасын кеңейту жөніндегі жұмысты күшейту міндеті тұр.
Осыған байланысты салалық басқармаларға, Қазақ Инвест компаниясының өңірлік өкілдігіне, "Ақтөбе "ӘКК" АҚ экономиканың түрлі секторларына инвестициялар тарту жөніндегі жұмысты күшейту қажет.
Ағымдағы жылдың соңына дейін өңір экономикасына шамамен 600 млрд.теңге, 2020 жылға қарай 800 млрд. теңгеге дейін, 2024 жылға қарай 1,6 трлн. теңге тарту көзделіп отыр"-деді Оңдасын Оразалин.
Жиын барысында ұлттық компаниялардың басшылары, Ақтөбе облысының даму институттарының өкілдері атқарған жұмыстары мен алдағы жоспарларын баяндады

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі