Ақтөбе облысы әкімдігінде жаңа тағайындаулар

1 қазан, сейсенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен аппарат жиыны өтті. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, департамент, басқарма басшылары, видеобайланыс арқылы аудан әкімдері қатысты. Аймақ басшысы аппарат отырысында жаңа тағайындауларды таныстырып өтті.
Облыс әкімінің өкімімен Ақтөбе облысының Жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы лауазымына Мейрамбек Махамбетов тағайындалды. Жоғары білімді, 30 жастағы басшы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін, «Көкше» Академиясын бітірген. Еңбек жолын 2011 жылы ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт Комитетінде референт, сарапшы лауазымынан бастаған.
Сонымен қатар, Ақтөбе облысының энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы болып Күнбол Тұрымов тағайындалды. Жоғары білімді, Алматы экономика және статистика академиясын, Қазақстанның Халықаралық білім беру корпорациясы бас сәулет-құрылыс академиясын тәмамдаған. Ақтөбе облыстық күрделі құрылыс басқармасы, техникалық бөлімнің жетекші маманының міндетін атқарушы, Ақтөбе облысының құрылыс басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
Қазақстан халқы Ассамблеясының Ақтөбе облыстық хатшылығының меңгерушісі лауазымына Маржан Қорғанбаева тағайындалды. Шымкент педагогикалық институты және Ақтөбе педагогикалық институтының түлегі. Еңбек жолын Ақтөбе облысы ғылыми-әдістемелік орталығының кіші ғылыми қызметкері болып бастаған. Ақтөбе қалалық мәдениет бөлімінің басшысы, Ақтөбе қаласының Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі ММ басшысы, Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы лауазымдарында қызмет атқарды.
Ал, облыс әкімі аппараты басшысының бұйрығымен Ақтөбе облысы әкімі аппараты жанындағы «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы лауазымына Нұрхан Ағниязов тағайындалды. Жаңа лауазым иесі Ақтөбе педагогикалық институтын бітірген. Ақтөбе облыстық мәдениет бөлімі бастығының орынбасары, Алға ауданы әкімінің орынбасары, облыстық туризм және спорт басқармасының басшысы, «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының орынбасары қызметтерін атқарды.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин жаңа қызметке тағайындалған азаматтардың жұмыстарына сәттілік тілеп, алдағы уақытта қызметтерін абыроймен атқарады деп сенім білдірді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі