Ақтөбе облысы әкімдігі мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ арасында меморандумға қол қойылды

4 наурыз, сәрсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Вэй Юйсян және Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы Алтынбек Әмірғалиев өндірістік процестерді тұрақтандыру, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастық туралы үш жақты меморандумға қол қойды.
Басқосуға облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Дархан Ермағамбетов, Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Саламат Аманбаев қатысты.
Өңір басшысы Ақтөбе облысының экономикасы мен әлеуметтік дамуына қосып отырған үлесі үшін кәсіпорын ұжымына алғыс білдірді.
«Атқарушы орган ретінде біз инвесторларды барынша қолдауға тырысамыз. Дегенмен де еңбек шарттарын шиеленістірмеу керек. Жасалған меморандум алдағы уақытта келеңсіздіктердің болмауына септігін тигізеді деген сенімдемін»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Өз кезегінде Вэй Юйсян облыс әкіміне кәсіпорын атынан рахметін жеткізді. «2019 жылы Ақтөбе облысының экономикасы едәуір жоғары жетістіктерге жетті, қолдауыңызға рахмет.Сіздің берген тапсырмаңыздың арқасында жұмысшылардың жалақысы көтерілді. 2020 жылы биік жетістіктіктерге жетеміз деп ойлаймын»,-деді кәсіпорынның бас директоры.
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы «CNPC» корпорациясы директорлар кеңесінің төрағасы Ван Илиньге кәсіпорын жұмысшыларының жалақысын көтеру туралы тапсырма берген болатын. Нәтижесінде компания 2020 жылдың басында барлық санаттағы қызметкерлердің жалақысын 33% -ға көтерді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ - бұл аймақта өндірілетін мұнайдың 67% және газдың 88% иелік ететін ірі мұнай компаниясы.Орташа жұмысшылар саны - 6,3 мың адамды құрайды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі