Бердібек Сапарбаев Шалқар ауданының мектеп басшыларымен және ата-аналармен кездесті

Все рабочие поездки акима
Сәрсенбі, 6 Ақпан, 2019

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек  Сапарбаев Шалқар ауданына жұмыс сапары кезінде мектеп басшыларымен, ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңес өкілдерімен, мектеп психологтарымен және білім беру саласының ардагерлерімен кездесті. Әңгіме жас ұрпақты тәрбиелеудің өзекті мәселелерін, соның ішінде кәмелетке толмағандардың құқық бұзушылықтарының алдын-алу мәселелерін талқылау жайында болды.

«Үлкен өкінішке қарай, біздің облыста оқушылардың топтасып төбелесулеріне байланысты қайғылы оқиғалар орын алды. Солардың бірі сіздің ауданда болды. Бүгін сіздерді неге балалар теріс жолға түседі және бұл проблеманы жою үшін не істеу керек? деген сынды басты сұрақтардың жауабын табу үшін жинадық»,- деді жиынды ашқан облыс әкімі.

Кәмелетке толмағандар қылмысының проблемасы тек мемлекеттік билік күшімен ғана шешілмейтін сияқты. Мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық қоғам бірігіп, ата-аналардың жауапкершілігін арттыру керек.

Жиын кезінде аудандық ювиналды полиция бөлімінің қызметі, оқу орындары жанындағы қамқоршылық кеңестің тиімділігі қаралды.

Өңір басшысы егер директорлар, оның орынбасарлары, мектеп инспекторлары мен ата-аналар балалардың іс-әрекетіндегі қауіп дабылына уақытында әрекет етсе олардың ауыр қылмыстарға баруынан сақтап қалар еді деп дұрыс атап өтті.

«Бала бірден қолына пышақ алып, онымен адамды жарақаттай алмайды. Мұндай күрделі қадамға мінездің өзгеруі, ұсақ-түйек жанжалдар, төбелестер, тіл алмаушылықтар себеп. Егер баланың мінезінде кішкентай да болса проблемалар байқалса, мектеп психологтары, әлеуметтанушылар, инспекторлар бірден олармен жұмыс істеулері керек. Ата-аналармен жұмысты бірден  бастау керек. Егер тиісті тәрбие беруден бас тартса – оларға шара қолдану қажет. Олар өздерінің жауапкершіліктерін сезінулері тиіс»,- деді Бердібек Сапарбаев.

Ол балалармен жұмыс істейтіндердің барлығын проблемаларды ешқашан жасырмай, ашық айтуға шақырды.

Өз кезегінде, ата-аналар комитетінің өкілдері мұғалімдердің мәртебесін көтеру туралы ұсыныстарын айтты.

Ата-аналар ішіндегі белсенділернің бірі: «Бұрын оқушылар мұғалімдерден, олардың ескертулерінен қорыққан. Әрбір ата-аналар жиналысын қорқынышпен күтті. Егер мұғалім риза болмаса, ата-аналарынан таяқ жейтіндерін білетін. Соның арқасында мектепте тәрбие беру жүйесі болды. Қазір мұндай жоқ, ата-аналар мұғалімдердің артына түседі. Мұғалімдер туралы жаман сөздер айтып, балаларының көзінше олармен ұрсысады. Мұндай жағдайда мұғалім оқушыға айтарлықтай әсер ете алмайды», - деген сенімде.

Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырмалар берді. Олардың қатарында жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмыстарды күшейту, әрбір оқушының бос уақытын сапалы өткізуін ұйымдастыру, жайсыз отбасылармен әлеуметтік жұмысты күшейту шаралары бар.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі