Биыл Ақтөбедегі 100 аулаға асфальт төселеді

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин қаладағы көше жолдарының жөндеу жұмыстарын тексерді.
Қаратаев және Махамбетов көшелері арасындағы жолды орташа жөндеу басталды. Жақын жердегі үйлердің тұрғындары мұндағы жолдың жөнделмегеніне алпыс жылдан асқанын айтады. Мердігер мекеме «АССАНА-ДорСтрой» ЖШС қыркүйекке дейін 1164 метр жолға асфальтбетон жабындысын төсеу жұмыстарын аяқтауды, бүйір тастар орнатуды жоспарлап отыр. Қаратаев көшесіндегі №17 үйдің тұрғындары өңір басшысынан үйдің маңындағы аумақты абаттандыруға көмектесуін сұрады.
Облыс әкімі: "Биыл біз жүз аулаға асфальт төсеуді жоспарлап отырмыз. Бірінші Тұрғын үй қалашығы ауданындағы, қаланың көне бөлігіндегі аудандарды қолға алдық. Бұл жұмыспен 40-50 жыл бойы ешкім айналыспаған. Футбол ойнайтын, воркаут алаңдарын орнатамыз. Ақырындап-ақырындап барлық проблеманы шешеміз",- деп атап өтті.
«АССАНА-ДорСтрой» ЖШС-нің 5 шақырым жолға асфальтбетон жабындысын төсеп, 312 атқыштар дивизиясы даңғылы бойындағы автокөлік жолындағы қозғалысты басқарудың техникалық құралдарын орнатып жатқанына екінші ай. Орташа жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталмақ. Тамыз айында Ш.Берсиев, Қазақстаға 30 жыл көшелері бойындағы автокөлік жолының асфальт жабындысын ауыстырып, жаяужолдар орнату жұмыстары аяқталады.
Сондай-ақ, өңір басшысы "Нұр Ғасыр" мешіті маңындағы субұрқақтың жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. "Нұрлы таң" ЖШС нысанды 1 тамызға дейін тапсыруға уәде берді. Қазіргі таңда жабдықтар мен іргетасы демонтаждалып, бетон құйылды, құбырлар ауыстырылуда, сорғылар орнатылып жатыр.
Айта кетейік, Ақтөбеде 22 субұрқақ бар, алайда соңғы бірнеше жылда олардың ішіндегі ең үлкен үшеуі жұмыс жасап тұрған жоқ. Олардың қатарында сулы-жасыл желекжол мен Әбілқайыр хан және Ә.Молдағұлова даңғылдарының қиылысында орналасқан субұрқақтар бар.
Оңдасын Оразалин: "Қаланы өзгерту керек. Субұрқақтары 1 тамызға дейін іске қосылулары тиіс",- деп, қала әкімі Асхат Шахаровқа жүзеге асырылып жатқан жобаларды сапалы әрі уақытында аяқтауды тапсырды.
Соңында өңір басшысы «Қазақ халқына мың алғыс» стеласы орнатылған аумақты қарап шықты. Жоба үш жыл бұрын "Туған жер" бағдарламасы аясында кәсіпкерлердің қаражатына жүзеге асырылған болатын. Осы уақыттың ішінде ескерткіш маңындағы аумақ бүлінген. Қазіргі таңда жобаны орындаушы өз есебінен қалпына келтіріп жатыр.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі