Б. Сапарбаев: Біз ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға барлық қажетті көмекті көрсетуге тиістіміз

Ақтөбеде өткен «Мейірімді жүрек» қайырымдылық кешіне 200-ден аса адам қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен 2016 жылдан бері өңірде ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім балаларды қолдайтын кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Жетім балалардың баспаналы болуына қолдау көрсету бағдарламаның басты бағыты болып табылады. Олардың «Тұрғынүй құрылыс жинақ банкіндегі» жинақ шотын толтыру ірі кәсіпорындар, мекемелер, мемлекеттік органдарға бекітілген.

Осы мақсатта Ақтөбеде «Мейірімді жүрек» қайырымдылық кеші өтті.

- Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап мемлекет басшысы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды қолдауға баса назар аударып келеді. Өсекелең ұрпақтың барлық халықаралық стандарттарға сай білім алуы үшін мектептер, мәдени, спорттық нысандар салынуда. Жыл сайын, бағдарлама бойынша 60-70 бала баспаналы болуда. Сонымен қатар, пәтер кезегінде 1310 бала тұр. Олардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін «ТҚЖБ»-мен, бизнес қоғамдастық өкілдерімен үш жақты келісімге қол қойылды,-деген Бердібек Сапарбаев екі айдан соң ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 120 орындық, құны 4 млрд. теңге болатын үй өз жұмысын бастайтынын атап өтті.

Кешенді бағдарлама аясында кәсіпорындардың әлеуметтік-патронаттық қолдауымен 490 жетім бала қамтылды. Салынған қаржы құны 27 млн теңгені құрайды. Нәтижесінде, бүгінде балалар үйінің 10 түлегі қажетті қаражатты жинап, баспаналы болуға дайын.

Облыс әкімі Алға балалар үйінің бір тәрбиеленушісіне «Нектар», тұрғын үй кешенінен бір бөлмелі пәтер алуға және тағы бір тәрбиеленушінің үйлену тойын өткізуге сертификаттар табыстады. Алға балалар үйінің түлегі Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-де тегін білім алу сертификатына ие болды.

Шара кезінде емделуге, сонымен қатар «ТҚЖБ»-дегі шотты толтыруға сертификаттар берілді. Бұдан өзге, толық қаржыны жинаған жастар үйінің төрт тәрбиеленушісі жиһаз сатып алатын сертификаттарға ие болса, астанадағы ЭКСПО -2017 көрмесіне 20 билет берілді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі