Жедел әрекет ету штабының кезекті отырысы өтті

22 наурыз, жексенбі Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен жедел әрекет ету штабының кезекті жиыны өтті. Облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары және селекторлық режимде қала, аудан әкімдері қатысқан отырыста өңірдегі карантиндік режим мен төтенше жағдай кезіндегі жалпы ахуал, дайындықтар пысықталды.
«Бүгінгі отырыста дезинфекциялау қызметтерінің дайындығын қамтамасыз ету, ТЖ кезіндегі ережелермен ақпараттандыру, азық-түлікке қатысты бірқатар мәселені көтеретін боламыз»-деді аймақ басшысы.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов атқарылып отырған жұмыстарды атап өтті. Айтуынша, өңірде санитарлық-эпидемиялық жағдай тұрақты, коронавирустық инфекция жағдайы тіркелген жоқ. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты аймақтық комиссия құрылып, инфекциялық бақылау шаралары күшейтілген. Сондай-ақ, «Іс-әрекет алгоритмі» әзірленген.
Өңір басшысы азық- түлік мәселесіне қатысты бірқатар сын-ескертпе жасады. Мәселен, «Дина» гипермаркетінде әр бір азаматқа күріш, ұн, шекер 5 келіден артық, және көкөніс, жеміс-жидек өнімдері 10 келіден артық сатып алуға болмайтыны туралы хабарлама ілінген. Облыс әкімі қала басшысы Асхат Шахаровқа мұндай шектеулерді тез арада алып тастау керектігін айтып, сауда орынының басшылығына ескерту жасауды тапсырды.
«Тұрғындарды дүрліктіріп, сатып алу құқығын шектеуге жол берілмесін. Азық- түлік қоры жеткілікті, әрі облысымызда қысы- жазы көкөніс пен жеміс- жидек өсіретін жылыжайлар жұмысын тоқтатқан емес, сондықтан да ақтөбеліктердің азық- түліктен қысылатындай ешбір орны жоқ»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Облыс басшысы қала және аудан әкімдеріне «Ақтөбе» ӘКК »АҚмен бірлесіп, азық- түліктің бағасын тұрақтандыру мақсатында әлеуметтік дүкендер желісін көбейту туралы ұсыныс әзірлеуді, супермаркеттерді қызу өлшегіш құрылғылармен қамтамасыз етуді қадағалауды тапсырды. Сонымен қатар, облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұловаға депутаттармен бірлесе отырып, қоғамдық көліктерге жасалатын залалсыздандыру жұмыстарына қатаң тексеру қажеттігін айтты.
Жиынды қортындылаған облыс әкімі тұрғындар арасында туындап отырған жолдардағы бекеттер мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап беріп өтті.

«Ақтөбеліктердің бұл алаңдаушылығы әрине орынды. Дегенмен, қазіргі таңда атқарылып жатқан бекеттерге қатысты мәселелер тек дайындық жұмыстары екенін ескерткім келеді ал, денсаулықтарына байланысты, covid-19 қатысты қандай да бір сауалдарға 906-606 cаll орталығы жауап береді»-деді өңір басшысы.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі