Жол сапасы қатаң бақылауда

Сәрсенбі, 24-шілде күні облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов  аймақ басшысы Оңдасын Оразалиннің тікелей тапсырмасы бойынша «Ақтөбе қаласы оңтүстік айналма жолының» сапасын тексерді.

Облыс әкімінің орынбасары «Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарасты «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» мамандары, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқарма басшысымен бірге  облыстық маңызы бар жолдардың сапасын  бақылауға алды. Қайрат Бекенов тексеру  кезінде сапаның  жобалық сметалық құжаттарда көрсетілген талаптарына сай екендігіне көз жеткізді.

Бұдан былай, «Ұлттық жол активтері сапасы орталығының» мамандарымен бірге  жолдардың сапасына тексерулер жиі  жүргізілетін  болады. Бұған дейін  Ойыл-Қобда жолдарын тексерілген.  Кемшіліктер анықталып, мердігер мекемеге ескерту берілді. Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары  «Ақтөбе қаласы оңтүстік айналма жолына» орнатылған жылдамдық белгілеріне қатысты кемшіліктердің қалыпқа келгенін жеткізді. Қайрат Бекенов  аталған олқылықтарды әлеуметтік желі арқылы көрсете білген  белсенді тұрғындарға алғысын білдірді. Облыс әкімінің орынбасары  мұндай кемшіліктердің қайталанбасы үшін  жауапты мамандарға қатаң ескерту жасады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі