Коронавирус індетіне байланысты эпидемиологиялық жағдай Ақтөбе облысы басшылығының қатаң бақылауында

Бүгін облыс әкімдігінде COVID-19 бойынша ағымдағы жағдайға қатысты сұрақтар талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудандардың әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов жағдайдың тұрақты екенін айтты.
«Төсек орындарының жүктемесі 78%-дан 14,8%-ға азайды. 3198 төсек орын резервке ауыстырылды. Жедел жәрдем бригадасын шақырту үш есеге азайды, науқастарды ауруханаға жатқызу 10 есе азайды. Алты зертхана күн сайын 1900 жерттеу жүргізе алады. 21 654 ПТР бар»,- деп жеткізді Нұржауған Қалауов.
COVID-19-дың күзгі толқынына дайындық үшін барлық қажетті шаралар қабылдануда.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының ауа-тамшылы бөліміндегі, Ақтөбе медициналық орталығының №2 инфекциялық стационарындағы, мамандандырылған емдеу-сауықтыру кәсіпорнындағы жөндеу жұмыстары аяқталды, емдеу мекемелері барлық медициналық жабдықтармен жарақтанған.
Инфекциялық стационарлардағы кереуеттер 275-тен 567-ге дейін, провизорларда 430-дан 3336-ға дейін өсті, қосымша орындар дайындалып жатыр. 1371 немесе 89% төсек орын оттегімен қамтылды. Стационарларда 395 отткеті концентратор, 625 оттекті баллон, 381 оттекті жастық бар. Лизинг арқылы 41 жедел жәрдем көлігі сатып алынбақ.
Стационарлар мен провизорларда дәрі-дәрмек пен жеке қорғаныс заттарының үш айлық қоры жинақталды. Кадр мәселесі қалалық емханалардың, ауруханалардың медицина қызметкерлері мен М.Оспанов атындағы БҚМУ-нің профессорлар мен оқытушылар құрамы есебінен шешілетін болады.
37 бақылау тобы 827 карантин тәртібінің бұзылғанын анықтап, 699 материал қаралды.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аудан әкімдерінің дайындық жұмыстарын жандандыру керектігі туралы еске салды.
Оңдасын Оразалин: «Барлық емдеу мекемелеріне барып, дәрілік заттардың, құрал-жабдықтардың барын, олардың жарамды екендерін тексеріңіздер. Біз кез келген жағдайға дайын болуымыз тиіс. Жуырда өңірде тұмауға қарсы иммундау науқаны басталады. Вакцина егуді иммунитеті әлсіз топтардан бастаңыздар. Сондай-ақ, бақылау топтарының да жұмыстарын күшейту керек»,- деп атап өтті.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі