Мәртөк ауданында жаңа орталық мешіт ашылды

Жұма, 5 сәуір күні  Ақтөбе облысының  Мәртөк ауданында 300 орынға  арналған орталық  мешіт салтанатты  түрде ашылды. Ашылу салтанатына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе  облысындағы өкілі Төлеби Оспан қатысты. 

Жиын барысында аймақ басшысы жаңа мешіттің ашылуы тұрғындардың діни сауаттылығын арттыру сияқты маңызды мәселеге өз үлесін қосады деп сенім білдірді.

«Ғимарат Мәртөк ауданы азаматтарының қамқорлығы мен  қайырымдылығы арқасында пайда болды.  Бұл біздің қоғамда достық пен келісім болып табылады. Ауданның барлық тұрғындарын осы іс-шара үшін құттықтаймын. Сіздерге зор денсаулық, бірлік және отбасыларыңызға амандық тілеймін», - деді облыс әкімі.

Мешіттің  көлемі  288 шаршы  метрді  құрайды. Мешіт ислам дініндегі  әдет-ғұрыптарды ескере отырып салынған. Мешіттің салынуына аудан  тұрғындары мен кәсіпкерлері 25 миллион теңге қаржы жұмсаған.  

Айтып өтейік, облыс әкімі Оңдасын Оразалин  құттықтау  сөзінен соң, мәртөктік  көпбалалы  аналарға құны  300-500 мың аралығындағы  қаржылай сертификат табыс етті.

Содан соң, аймақ басшысы мешіт ауласының  абаттануына өз үлесін қосып, шырша ағаштарын екті.

                                              

  Ақтөбе  облысы әкімінің  баспасөз  қызметі