Мәртөк ауданын дамыту үшін барлық резервтерді пайдалану керек

 Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев аудан әкімі Жандос Байырхановтың алдына осындай міндет қойды.
"Өнеркәсіп пен  ауыл шаруашылығын дамыту керек. Мәртөк ауданының тек өзін ғана емес, Ақтөбені де ауыл шаруашылығы өнімдерімен  қамтамасыз ететін жағдайы бар, ол үшін егістік және суармалы жерлерді кеңейту жұмыстарын жалғастыру қажет. Аудан экономикасы үшін "Баатыс Еуропа-Батыс Қытай" халықаралық көлік дәлізі бойындағы жол бойы қызметін дамыту да маңызды",- деді Бердібек Сапарбаев.
Бұдан басқа, облыс әкімі аудан басшылығына кәсіпкерлікті дамытуға, соның ішінде жастардың «Zhas Project» әлеуметтік жобасын қаржыландыру бойынша байқаудың аясында баса назар аударуды тапсырды. 
Есептік кездесу кезінде Мәртөк ауданының барлық тұрғыны өздерін толғандырған сұрақтарын қоя алды. Мәртөктіктер облыс әкіміне баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа орналасу, балабақшалар мен жаяужолдардың құрылысы, көшелерді абаттандыру жөніндегі өтініштерін айтты. Аудан дамуындағы оң өзгерістерді байқағандар да болды, олар атқарылған жұмыстар үшін алғыс айтты. Кездесу соңында қойылған сұрақтар мен ұсыныстар бақылауға алынды. 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі