Облыс әкімінің орынбасары Қарғалы ауданына іссапармен барды

Облыс әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбет кезекті жұмыс сапарымен Қарғалы ауданына барды.
Ол жұмыс барысында Қос естек ауылдық округіндегі «Балауса» балабақшасы мен ауыл клубының жұмыстарымен танысты. Балабақша 100 орынға арналған. 2020-2021 оқу жылында 90 бала тәрбиеленеді. Қазіргі таңда күрделі құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар,
№1 Бадамша орта мектебін қарады. Білім ордасының жобалық қуаты 150 орын, 2020-2021 оқу жылында 384 оқушы білім алады. 2017 жылдан бастап үш аусымда жұмыс жүргізеді. Бұл мәселені шешу үшін, жаңа 300 орындық мектеп пен 70 орындық интернат салынып жатыр. Құрылыс 2020 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.
Сонымен қатар, М.Шермағанбет мәдениет үйі және орталық кітапхана ғимараттарының жай-күйін қарады. Мәдениет үйіне қарасты 4 халықтық, 2 үлгілі атағы бар ансамбль ұжымдары жұмыс атқаруда.
Қарғалы аудандық тарихи-өлкетану музейін барып көрді. Бүгінге дейін жинақталған музей қорының ең басты негізгі көрсеткіші мен мақтанышы 4400 экспонат болып отыр. Облыс әкімінің орынбасары өзінің іссапары қорытындысында аудан басшысына бірқатар тапсырмалар берді.