Облыс әкімі бюджет қаражатын барынша игеруді тапсырды

30-шілде,сейсенбі күні, облыс әкімі  Оңдасын Оразалин осы жылғы 7 айда орындалған  облыс бюджетнің қорытындысын тыңдады. Жиынға қала, аудан, департамент, басқарма басшылары қатысты. Облыс әкімінің  орынбасары Олжас Смағұлов  игерілмеген бюджет қаражаттарына қатысты бірқатар мәселелердің барын айтып өтті.

Денсаулық сақтау басқармасы бюджет қаражатын игере алмай отырғандардың арасында  көш бастап тұр. Медициналық құралдардың техникалық мінездемесіне эксперттік бағалау дайын болмағандықтан әлі күнге дейін тиісті  конкурстар кешеуілдеуде. Ал, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары , Төтенше жағдайлар Департаменті, Индустриалды-инновациялық басқармалары да қомақты бюджет қаражатын игере алмау қауіпі бар. Бюджет қаражатының игерілмеуі Республикалық бюджетті нақтылау кезінде бөлінген қаражат қайта қайтарып алынуы, және қосымша қаражаттың  бөлінбеуіне әкеліп соғады.
Басқармалардан өзге Ақтөбе қаласы, Қобда, Алға, Хромтау,Әйтеке би, Ырғыз, Мәртөк аудандарында жоспарланған бюджет қаражаты игерілмей отыр. Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған кемшіліктерге қатысты жауапты басшыларға қатаң ескерту жасады.
«Мен әзірге ауызша ескерту жасап отырмын, келешекте бұлай жалғаспайды, ай сайын бақылап,  өздеріңе жүктелген жұмысты уақытылы  атқарыңдар»,-деді Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі