Облыс әкімі еркін күрестен Әлем біріншілігінің қола медаль иегері Юсуп Батырмырзаевты қабылдады

Жұма, 1 қараша күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин еркін күрестен Азия чемипоны, Әлем біріншілігінің қола медаль иегері Юсуп Батырмырзаевты қабылдады.
Кездесуге облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаров, Ақтөбе облысы грек-рим, еркін және әйелдер күрес федерациясының президенті Жеңіс Жартыбаев, аталмыш федерацияның вице-президенті Дәурен Жабасов қатысып, аймақ басшысына жас спортшының алдағы уақытта өтетін жарысқа дайындығы туралы баяндады.
Кездесу барысында аймақ басшысы аймағымыздың ғана емес, қазақ елінің мақтанышына айналған жас спортшыны жеңісімен құттықтап, алдағы жарыстарына сәттілік тіледі. 
- Юсуп бауырымыздың бүгінгі жеңісі облысымыздың жетістігі және еліміз үшін үлкен қуаныш. Бұл ащы тер мен күнделікті тынбай жасаған жаттығудың және намыстың нәтижесінде келген жеңіс. Болашақта өтетін олимпиададан лицензия алуға толық мүмкіншілігіміз бар деп сенемін. Біз алдағы уақытта да облыс әкімдігі тарапынан Юсупке барлық жағдайды жасайтын боламыз, - деді өңір басшысы.      
Атап өтейік, 1996 жылы туған Юсуп Батырмырзаев қазіргі таңда ҚР еркін күрестен жоғарғы спорт шеберлігі мектебінде 125 кг салмақ дәрежесі бойынша күресіп жүр. Жақында Моңғолияда өткен еркін күрестен Азия чемпионы атанған болатын. Ол ағымдағы жылдың 28-30 қазан күндері Будапешт қаласында жастар арасында грек-рим, еркін және әйелдер күресінен өткен Әлем чемпионатында Жапон, Иран, Грузия мемлекеттерінің спортшыларымен күресіп, қола медальға ие болды.
 Шара соңында облыс әкімі облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровке жарысқа дайындық жүргізу үшін Юсуп Батырмырзаевқа барлық жағдайды жасау жөнінде арнайы тапсырма берді. Сонымен қатар, жас спортшыға қаржылай сертификат табыстап, жеке жаттықтырушыларын алғыс хатпен марапаттады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі