Облыс әкімі жастармен кездесті

Бүгін Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан  медицина университетінде болып студенттермен кездесті. Болашақ ақ халаттылар «Ақтөбе-адалдық алаңы» жобасы аясында  сыбайлас жемқорлыққа қарсы  жазғы  мектепте  коучингтен өткен болатын.

Аймақ басшысы осы коучингте белсенділік танытып, сыбайлас жемқорлыққа  қарсы жазғы мектептен өткен 5 студентке сертификат табыс етті. Жастармен кездесуге  сондай-ақ, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мирлан Мұхамбетов, «Ақтөбе-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің басшысы  Мухтарита Сағындықова және  Қ.Жұбанов атындағы университеттің  аға оқытушысы  Нұргүл Урбисинова қатысты.
Еркін форматта  ұйымдастырылған жиында  Оңдасын Оразалин, қоғам індетіне айналған  сыбайлас-жемқорлыққа қатысты пікірін білдіріп, өңірде жастар жылына орай жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды айтып өтті.
«Жастарға арналған бағдарламалардың бірі қол жетімді тұрғын үй бойынша «Жастар» бағдарламасы аясында , 150 пәтер берілді. Бұл пәтер иелері әлеуметтік салада қызмет атқарып жүрген жас мамандар және жас отбасылар. Биылғы жылы жастардың Стартап жобаларына 60 млн. теңге қаржы бөлініп, 8 мыңнан астам жас, кәсіпкерлік саласындағы түрлі шаралармен қамтылуда»,-деді Оңдасын Оразалин.
Облыс әкімі сондай-ақ, студент жастарға  ауылды жерлерде жұмыс жасаудан қашпауға шақырды.Себебі, медицина мамандары ауылдық жерлерде де  сұранысқа ие.
Аймақ басшысы жастардың қойған түрлі сауалдарына жауап беріп, өмірлік тәжірибесімен бөлісті.
Айтып өтейік, Бүгінде Ақтөбе облысында 14 пен 29 жас аралығындағы 202 мың жас бар, бұл өңір халқының 23 пайызын құрайды. Жастар жылы» аясында облыста 20 мыңнан астам жас адамды жұмысқа орналастыру және «Жасыл ел» жасақтарында 5500 адамды қамту бойынша қазіргі таңда жұмыстар жүргізілуде.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі