Облыс әкімі: мемлекеттік рәміздерге тиісті құрмет көрсетпеген мекемелер қатаң жауапқа тартылады

2 шілде, сейсенбі күні   Ақтөбе облысы әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен ұйымдастырылған басқосуда   ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Елеусінова мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссияның атқарған жұмысы туралы баяндама жасады. Биыл сәуір, маусым айларында комиссия мүшелері Ойыл, Әйтеке би, Алға аудандары және Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік мекемелерде орналасқан рәміздердің қолданылуы мен насихатталу жұмыстарына  мониторинг жүргізген. 150-ден астам мемлекеттік органдар тексеріліп, мемлекеттік тудың жыртылуы, рәміздердің орналасу тәртібінің  сақталмауы, насихаттау жоспары жасақталмағандығы, және стандартқа сай келмейтін мемлекеттік рәміздерді ауыстыру және жою бойынша комиссия құрылмағандығы, рәміздерді жою актілері мен оларды тіркеу журналдарының болмауы сынды 30-ға жуық түрлі кемшіліктер анықталған.  Облыс әкімі Оңдасын Оразалин аталған кемшіліктер бойынша аудан қала басшыларына қатаң ескерту беріп, қалыпқа келтіруді тапсырды.
«Рәміздер халқымыздың бірлігі мен патриоттық сезімін білдіруде орны ерекше. Сондықтан оның мән-маңызын насихаттау мен қолданылуын реттеп отыру – баршамыздың ортақ міндетіміз.Аталған олқылықтардың орнын тез арада ретке келтіріңдер»,-деді өңір басшысы. Ақтөбе облысында  орналастырылған Елтаңбалар саны 4000-ды құрайды. Алты ай ішінде  ауыстырылған елтаңбалар саны – 686. Ақтөбе облысы әкімі жанындағы мемлекеттік рәміздер жөніндегі комиссия талапты сақтамағандарға  126 мың 250 теңге көлемінде айыппұл салуға құқылы. Дегенмен осы уақытқа дейін бірде-бір мекемеге  айыппұл салынбаған.  «Мемлекеттік рәмізді ойыншыққа айналдырып, салғырттыққа жол бергендер тиісті жазасын алуы тиіс,ең алдымен мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік  рәміздерді талапқа сай қолдана білуді өздерінен бастаған жөн»,-деді  Оңдасын Оразалин.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі