Облыс әкімі Мұғалжар және Байғанин аудандарына іс-сапармен барды

4-тамыз, жексенбі  күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Мұғалжар ауданындағы «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ Жаңажол газ өңдеу зауытының жұмысымен танысты.
Жылына  7 млрд текше метр газ өндіруші «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ өңірдегі өңірлік индустрияландыру картасына енген  ең ірі кәсіпорындардың бірі. Мұнай және газ өңдеу саласындағы заманауи технологияларды пайдаланып, халықаралық компаниялардың патенттік  әзірлемелерін қолданады. Мұнда 1585 адам жұмыс жасайды.
Одан соң, облыс басшысы  Байғанин ауданындағы  2018 жылы іске қосылған «Gas Processing Company» ЖШС-нің  жұмысын көрді.  Жылына 300 млн текше метр көгілдір отын, 37 мың тонна техникалық пропан-бутан қоспасын, 5400 тонна  газ конденсатын,10500тонна күкірт шығаруға қуатты. 260-қа жуық азамат жұмыспен қамтылған. Жоба тазарту, кептіру, ілеспе мұнай газын жан-жақты дайындаумен айналысады.
Оңдасын Оразалин «CNPC-Ақтөбемұнайгаз» АҚ,  «Gas Processing Company» ЖШС-нің   басшылығына  қоршаған ортаны барынша ластамау жолдарын,зиян тигізбестен  экологиялық жағдайдың алдын-алып жұмыс жасауды, және  кәсіпорынға  жергілікті азаматтарды көптеп тартуды тапсырды.
Аймақ басшысы Жаңажол ауылдық округінің  орталығы Оймауыт ауылында болып, бірқатар әлеуметтік нысандарды аралады. Мектеп, балабақша, амбулатория жұмыстарын көрді.  40 орынға арналған «Оймауыт» бөбекжай-балабақшасы алғашында  мектеп жанындағы  интернат мақсатында салынған.  Ғимарат 2006 жылы күрделі жөндеуден өту барысында  балабақша болып өзгертілген. Ауыл балаларының уақытын тиімді  өткізуіне жағдайлар жасалған. 6 педагог жұмыс жасайды.
Облыс әкімі  1961 жылы бой көтерген  С.Жинебаев атындағы орта мектебінің жаңа оқу жылына дайындығын көрді. 140 орынға арналған мектеп заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Мектеп 2014 жылы күрделі жөндеуден өтіп, қазірде  36 мұғалімқызмет етеді.
1442 тұрғынға   дәрігерлік көмек көрсететін амбулатория 2010 жылы  5 төсектік күндізгі  бөлімі бар дәрігерлік амбулатория болып ауысқан. Оған дейін  10 орындық селолық аурухана болып қызмет  етіп келді.
Облыс әкімі  мәдениет үйінде Оймауыттық тұғындармен кездесіп, ауыл  мәселелерін тыңдады. Ауыл тұрғындарын төрт түлік малға беретін судың тапшылығы алаңдатады. Облыс әкімі аудан басшысына  осы мәселені анықтап, ыждағаттап  шешуді тапсырды.
«Оймауыт, Миялы, Дияр елді-мекендеріне ұялы байланыс жүйесін тарту мәселесінің де  барын жақсы білемін. Бұл мәселемен аудан әкімдігі де, тиісті мемлекеттік органдар айналысып келеді. Оймауытта  халық саны 500-ден асуына байланысты 2020 жылдың соңына дейін ұялы байланыс желісімен қамтамасыз ету жоспарлануда»,-деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Облыс басшысы тұрғындарды жеке қабылдау кезінде  несие алу, кәсіп ашу, мәселелері жиі  көтерілді. Оңдасын Оразалин бұл мәселелер бойынша  мемлекеттен барынша  қолдаулар көрсетіліп, кәсіпкерлікпен айналысатындар үшін ешқандай кедергінің болмайтындығын жеткізді.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі