Облыс әкімі Қарғалы ауданына жұмыс сапарымен барды

13-тамыз, сейсенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Қарғалы ауданының орталығы Бадамша ауылында болып, орталық саябақтың салтанатты ашылуына  қатысты. Аймақ басшысы бадамшалық тұрғындарды саябақтың ашылуымен  құттықтады."Конституция күні мерекесі қарсаңында пайдалануға берілген парк жергілікті халықтың сүйікті демалыс аймақтарының біріне айналады деп ойлаймын,енді жастарымыз жаңарған саябақта бос уақыттарын тиімді өткізетін болады.    Елдің өсіп-өркендеуі ауылға байланысты. Ауыл дамыса – тұтас мемлекет көркейетіні баршаға аян",- деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы сондай ақ, "Мектепке жол акциясы" аясында 500 мың теңгенің сертификаты мен көп балалы 3 анаға пәтер кілттерін табыс етті.
Ел игілігіне берілген саябақтың құрылысы екі жылда аяқталды. Онда субұрқақтар, мәдени іс-шаралардың өткізілуіне арналған сахна, балалардың ойын алаңшалары орналастырылған. Және 500ге жуық  жас көшеттер егілген.
Содан соң, өңір басшысы осы ауылдағы 1953 жылы салынған 500 орындық  апатты жағдайдағы өнер мектебінің ғимаратын көрді.Қазіргі таңда жаңа өнер мектебі құрылысының  ЖСҚ дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткен.
Аудан әкімі Асқар Жүсібалиев болашақта бұл  ғимараттың бұзылатынын жеткізді. Облыс басшысы  жаңа өнер орталығын салу бойынша ұсыныс әзірлеуді тапсырды. Қазіргі таңда  жергілікті әкімдік  2 га жер дайындаған.
Сонымен қатар, Оңдасын Оразалин  орталық аудандық аурухананың жұмысымен танысты.  Бас дәрігер Берік Жаржанов облыс әкіміне  аурухана ішін аралатып, алдағы жоспарларымен бөлісті. 1955 жылы салынған медициналық мекемеде ауысымына 150 адам қабылдай алатын  бірлестіріліген емханасы бар. Заманауи медициналық жабдықтармен қамтылған. 6 дәрігерлік амбулатория,9 медпункт, 54 кереуеттік 1 стационар жұмыс жасайды.  2012 жылы емделушілер мен қызметкерлерге арнайы жаттығу залы салынды.
Аймақ басшысы Велихов ауылдық округінде болып, дәнді-дақылдар өсірумен айналысатын "ДиЛэнд" ЖШС егіс алқабымен және ауылшаруашылық өнімдері көрмесін тамашалады.Егіс  көлемі 17 896 га құрайды, оның ішінде дәнді дақылдар - 13440 га. Сонымен қатар, 1400 га жерге бұршақ, 450 гектарға зығыр егілген.
Шаруашылықта 40 техника бар, жақында 1,3 млрд.тг жаңа  техникалар сатып алынған.
Оңдасын Оразалин Қосестек ауылдық округіндегі "Қосестек" сүт өнімдерін қайта өндіру цехының жұмысымен танысты.
Кооператив меншігінде 4 тонналы  сүт қабылдау пункті және сүт таситын көлік бар. Халықтан сүт жинаумен айналысады.
Кооператив 2017 жылы  430 тонна, 2018 жылы  240 тонна  сүт  жинап «Айс» ЖШС не  тапсырды.Аталған а.ш. өндірістік кооперативінің қуаттылығы тәулігіне 2 тонна . Сарымай, ірімшік, сүзбе, айран, құрт, брынза өнімдерін Ақтөбе облысындағы  сауда орындарына сатылымға шығарады. 8 азамат жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер Еркін Өтегенов өндіріс орнын алғаш 2017 жылы мемлекеттің  ауылшаруашылық саласына қолдау көрсету  аясында  несие алып бастаған.
Өңір басшысы осы ауылдың  жергілікті  тұрғындарымен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Ауылдық округ ауыз су, көгілдір отынмен қамтылған, тұрғындар жолдардың жөнделуін, талапқа сай зейнетақы алатын ғимарат салып беруді сұрады.

Аймақ басшысы көтерілген мәселелердің шешім табатындығын жеткізді. Сондай-ақ, тұрғындармен   жеке қабылдау өткізді.Қарғалы ауданында осы жылдың 6 айында инвестиция көлемі 2 млрд 952 млн теңге құраған.Бадамша ауылында 300 орындық орта мектеп пен 70 орындық интернат, спорттық кешен, 4 көшеде асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Ауданда жалпы, 300ден астам азамат баспана кезегінде тұр. Осы жылдың қаңтар- маусым айларында 3 мың 556ш/м тұрғын үй пайдалануға берілген.2020жылға қарай 5 қабатты 60пәтерлі тұрғын үй,2 қабатты 8пәтерлі 2 тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі