О.Оразалин Ақтөбе облысының мәслихат депутаттарын құттықтады

7 ақпан, жұма күні Ақтөбе облысының мәслихат депутаттары ҚР Мәслихаттарының құрылғанына 25 жылдық мерекелерін атап өтті. Шараға Ақтөбе облыстық мәслихат хатшысы, облыстық мәслихат депутаттары, басқарма басшылары, облыстық мәслихат ардагерлері т.б қонақтар қатысты.
Аймақ басшысы халық қалаулыларын мерекелерімен құттықтап, депутаттардың атқарған жұмыстарына алғыс білдірді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында «Еліміздің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпай, табысты экономикалық реформаларды іске асыру мүмкін емес. Бұл – біздің ұстанатын басты қағидатымыз» деп атап өткен еді. Алдағы уақытта осындай оң өзгерістердің бастауы мәслихат жұмыстарында көрініс табатыны сөзсіз.Ел сенімін арқалау әрдайым үлкен жауапкершілік жүктейді. Сіздер халық пен билік органдары арасындағы жалғаушы алтын көпірсіздер.
Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуында жылдар бойғы оңтайлы үдерістердің қалыптасуы мәслихаттардың жұмысымен де тікелей байланысты екенін бүгін мен ерекше атап өткім келеді.
Сіздердің алдағы уақытта да осы қарқыннан таймай, халық өкілі ретіндегі өз міндеттеріңізді абыроймен атқаратындарыңызға сенімдімін.
"- деп атап өтті облыс әкімі Оңдасын Оразалин.
Өңір басшысы сонымен қатар 68 депутатқа түрлі марапаттарды табыстады. ҚР Президентінің алғыс хатымен облыстық мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова, ҚР Премьер-Министрінің алғыс хатымен Гүлжанат Ерғазина марапатталды. Өзге де депутаттарға ҚР Парламенті Сенатының құрмет грамотасы, ҚР Парламенті Сенатының алғыс хаты, Қазақстан Халықтары Ассамблеясының алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, Светлана Айтбаева, Марал Итеғұлов, Елена Юшкевич сынды т.б 16 депутат Ақтөбе облысы әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Мәслихат хатшысы Сәния Қалдығұлова ардагерлер мен аудандық мәслихат депутаттарына алғыс хаттар табыс етті.
Мерекелік шара жергілікті өнерпаздардың ұйымдастырған концерттік бағдарламасымен жалғасты.
Айтып өтейік, Ақтөбе облыстық мәслихатының жалпы корпусы 204 депутаттан тұрады.
Олар облысты дамыту бағдарламаларының орындалу барысы, бюджеттік бағдарламаларды іске асыру, инвестициялық жобалар мәселелері, бюджетпен, әлеуметтік саламен байланысты мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамыту перспективалары және т. б.296 мәселелерді қараған.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі