Оңдасын Оразалин: «Aqtobe Hub» өзекті проблемаларды шешуде билік, бизнес және азаматтық қоғам күштерін біріктіруге мүмкіндік береді

Облыс әкімдігінде  «Aqtobe Hub» өңірлік даму орталығының қамқоршылық кеңес отырысы өтті. Оған мемлекет басшысының штаттан тыс кеңесшісі Олжас Құдайбергенов, облыс əкімі Оңдасын Оразалин, оның орынбасары Қайрат Бекенов, өңірдегі ірі кәсіпорындардың басшылары, бизнес өкілдері қатысты.
«Жаңа экономикалық сын-тегеуріндерді және елдің мықты өңіріне айналуға деген ұмтылысты ескере отырып, Ақтөбе облысын жаңғырту және оны қазіргі жағдайға бейімдеу жобасын жүзеге асыру туралы шешім қабылданды. Жаңғыртуға азаматтық қоғам, мемлекеттік сектор, шағын, орта және ірі бизнес, даму институттарының, сонымен қатар, президенттің жастар кадрлік резервінің өкілдері тартылды. Аталмыш жоба аясында осы жылдың басында «Brainstorming» стратегиялық сессиясы өткізіліп, бизнес өкілдері мен азаматтық белсенділердің қатарынан жүздеген өңірлік көшбасшы облыстың жүйелі мәселелері мен оларды шешу жолдарын талқылады. Бұл жұмыс білім сапасын арттыру, сұранысқа ие және білікті мамандарды даярлау, сонымен қатар, мамандардың Қазақстанның өзге қалаларына және Ресейге кетуін азайту мақсатында өңірдегі ірі жоғары оқу орнын да жаңғыртуды көздейді»,- деп атап өтті Оңдасын Оразалин.
Оның айтуынша, жаңғырту аясында өңірлік көшбасшылардың құзіреттеріне деген заманауи талаптарға сай құрылатын «AqtobeExecutiveProgram» оқыту бағдарламасы іске қосылуда.
«Мұндай жобаның Қазақстанның бірде бір өңірінде жүзеге асырылмағанын атап өткім келеді. Ол өзекті проблемаларды шешуде билік, бизнес және азаматтық қоғам күштерін біріктіруге, өңірді дамытудың әлеуметтік жобаларымен қатар, инвестициялық жобаларын да әзірлеп, жүзеге асыруға мүмкіндік береді», - деп атап өткен өңір басшысы компания басшыларынан бірегей жобаны қолдауларын сұрады.
«CSI Group» аға серіктесі Олжас Құдайбергенов «Aqtobe HUB» өңірлік даму орталығы корпоративтік қорының қағидалары жайында айтып берді.
«Жаңғырту кезінде бірнеше бағыттар бойынша жұмыстар жүргізілетін болады, атап айтқанда, экономикалық, инвестициялық әлеуетті анықтау жұмыстары терең зерттеліп, кадрлік резерв құру, әкімдіктің бизнеспен және қоғаммен өзара қарым-қатынасын нығайту, кәсіпкерлік әлеуетті ынталандыру, өңірді цифрландыру шаралары қабылданбақ. Ақтөбе облысы қолда бар әлеуетті ескере отыра бес жылдың ішінде Қазақстан бойынша бесінші орынға шығуы тиіс, және бұл ең азы. Бұл бірнеше жылға есептелген ұзақ мерзімді жұмыс»,- деді Олжас Құдайбергенов.
«Dastan» ЖШС президенті Асхат Айтжанов бизнес қоғамдастығының өңірді стартегиялық жағынан дамыту - негізгі мақсаты болып табылатын жобаны жүзеге асыру үшін күш салуға дайын екендерін атап өтті. Бизнес өкілдері бірқатар ұсыныстарын айтты.
Отырыс соңында Олжас Құдайбергеновті «Aqtobe HUB» өңірлік даму орталығы корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесі төрағасы етіп тағайындау туралы шешім қабылданды.

 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі