Оңдасын Оразалин «Baqytty bala» екінші балалар ашық вокалдық фестиваль-байқауының қазыларымен кездесті

 14 шілде, жексенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Baqytty bala» екінші балалар ашық вокалдық фестиваль-байқауының қазылар алқасымен кездесті.  
Қазылар алқасын бастап келген «Димаш-Али» продюсерлік орталығының жетекшісі Қанат Айтбаев аймақ басшысына шетелдік қонақтарды таныстырып, фестивальдің жоғары деңгейде ұйымдастырылуына  зор қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.
Биылғы байқауда қазылар алқасы құрамының географиясы кеңейген. Атап өтсек, Тбилисиден келген грузиннің танымал жас әншісі Tsnobiladze Nini, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген әртісі, композиторы және әншісі  Эзеров Владимир Эдуардович, «Х-фактор» (Украина) жобасының жеңімпазы, «Евровидение» байқауының Ұлттық іріктеу финалисті, бірегей дауыс иесі Аида Николайчук, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әншісі, композитор, көрнекті мәдениет қызметкері Жолдасов Ұлықпан, А.Жұбанов атынлағы музыкалық колледждің оқытушысы, танымал композитор, әнші Әйтімов Марат Олжабайұлы, «BATYSSOUND PRODUCTION» студиясының директоры және ән әрлеушісі, Димаштың көптеген әндеріне саундтрек жазған Бекчурин Ерлан кездесу барысында облыс әкіміне жылы қабылдауы үшін алғыстарын білдірді.
- Бүгінгі таңда «Baqytty bala» фестиваль-байқауы облыс көлемінде ғана емес, халықаралық дәрежеге көтерілген ізгі шараға айналды. Елімізде өнерлі жандар өте көп. Өзінің зор талантымен, ерекше даусымен әлемді мойындатқан жерлесіміз Димаш Құдайбергенді өздеріңіз де жақсы білесіздер. Облысымызда жақсы дәстүрге айналған байқауға атсалысып, бүлдіршіндердің өнерін бағалап жатқандарыңыз үшін ақтөбеліктердің атынан шын жүректен алғыс білдіремін. Алдағы уақытта да осы байқаудың аясын кеңейтіп, нағыз таланттарды әлемге танытатын боламыз», - деді облыс басшысы қонақтарға өз алғысын білдіріп.    
 Кездесу соңында аймақ басшысы шетелдік қонақтарға 150 жылдық мерейтойға арналған кәдесыйлар табыстап, қазылар алқасымен естелік суретке түсті.    
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі