Оңдасын Оразалин: «Baqytty bala» жас таланттардың мекеніне айналды

14 шілде, жексенбі күні Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин «Өнер орталығында» өткен «Baqytty bala» екінші балалар ашық вокалдық фестиваль-байқауының Гала концертіне қатысты.
Салтанаты шара барысында аймақ басшысы өзінің құттықтауын қазақ, орыс, ағылшын тілінде жалғастырып, фестивалге қатысушылар мен жиналған көрермендерге, қазылар алқасына алғысын білдірді.
- Әр ата-ана үшін өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіру, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала - елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Қай мемлекет болмасын бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Бүгінгі таңда елімізде балалардың бақытты балалық шағын алаңсыз өткізуіне арналған көптеген әлеуметтік жобалар бар. Биылғы Жастар жылының аясында арайлы Ақтөбеміздің брендіне айналған «Baqytty Bala» ашық балалар вокалдық фестиваль-байқауы игі дәстүрге айналып, екінші рет ұйымдастырылып отыр. Сонымен бірге, бұл байқау өз өнерімен дүние жүзін мойындатқан даңқты жерлесіміз Димаш Құдайбергеннің артынан ерген ізбасарларына жол ашты. Былтырғы байқауда жас әнші Ержан Мақсымның бас жүлдеге ие болып, қазіргі таңда үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Бұл байқау қаншама жас таланттардың есімдерін әлемге танытатын достық мекеніне айналды», - деді облыс басшысы.
Биылғы жылғы 10-14 шілде аралығында Ақтөбе қаласының 150 жылдық мерейтойына орай облыс әкімдігінің және «Димаш-Али» продюсерлік орталығының қолдауымен «Baqytty Bala - 2019» екінші балалар ашық вокалдық фестиваль-байқауы өткізілді. Дәстүрге айналған байқауға қатысқысы келетін жастардың саны жыл сайын көбейіп келеді. Фестивальді ұйымдастыру комитеті Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, Украина, Беларуссия, Молдова, Түркия, Греция, Польша және Канададан келіп түскен өтініштермен қоса 500-ден астам хаттарды алды.
Биылғы байқаудың ерекшелігі сонда талантты жастардың өнерін бөліп-жаруға келмейтіндігіне орай, Гала концерт қорытындысы бойынша Гран-при 2 қатысушыға Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айгерім Тілеубек пен Ресей Федерациясы Тюмень қаласының тұрғыны Ислам Балкоевке, 1 орын Ресей Федерациясы Тула қаласынан келген Панюкова Мария мен Алматы қаласынан келген Сапарбай Нұрлыбекке берілді.

Екінші орынды Украина Харьков қаласынан келген Галицкая Дарина мен ақтөбелік Аңсар Жүсіп алды.

Үшінші орынды Қостанайдан келген Исатай Болатхан мен Алматыдан келген Башанова Қарақат иеленді. Сонымен қатар Айгерім Тілеубек Димаштың қолынан келесі концертіне қатысып, ән салатын арнайы жүлде алды.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі