Оңдасын Оразалин: Ата заңымыз арқылы еліміздің тұрмыс-тіршілігі өзгеріп, нарықтық экономика құрылды

Демократиялық қоғамның негізі қаланды. 27 ақпан, бейсенбі Ақтөбе қаласында 2020 жыл ҚР Конституциясының 25 жылдығына орай «ҚР-ның 1995 жылғы Конституциясы және оның мемлекет пен қоғам дамуындағы маңызы» атты Халықаралық ғылыми тәжірибелік конференциясы өтуде. Пленарлық отырысқа Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, және РФ-нан журналистер одағының мүшесі, жазушы-өлкетанушы Күнсұлу Намазова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Гүлнар Бижанова, ҚР Конституциясы кеңесінің мүшесі Әлібек Темербеков, ҚР Әлеуметтік ғылым академиясының академигі, философия ғылымының докторы Амангелді Айталы сондай-ақ, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының ЖОО-ның профессор, ректорлары, департамент және басқарма басшылары, Ақтөбе облысының соты, прокуратурасы т.б қатысты.
"Биылғы жыл ел тарихындағы маңызды мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасы Конституциясының 25 жылдығын атап өткелі отырмыз.
Әр азаматтың ерік-жігері мен таңдауы заң аясында еркін жүзеге асып, арман-қалауы ардақталған елде ғана саяси тұрақтылық пен бейбіт ахуал орнамақ.
Барлық ұлттық құндылықтар мен азаматтық қадір-қасиеттің арқауы, мемлекеттіліктің бастауы мен біртұтастығының қайнары, негізі – бұл Қазақстан Республикасының Конституциясы"-деді облыс әкімі.


Конференцияға қатысушылар «ҚР Конституциясы: билік және халық», «ҚР Конституциясы – тұрақтылық пен демократия кепілі» сынды әр түрлі тақырыптарда баяндама жасады.
Конституцияның құрылымы мен жобасының қалай әзірленгенін, дайындау барысы кезінде әлемнің 20-дан астам конституциялары қарастырылғанын егжей- тегжейлі баяндаған аймақ басшысы Ата заңымыздың негізгі ережелері аясында еліміздің тұрмыс-тіршілігі айтарлықтай өзгеріп, нарықтық экономиканың құрылғанын, демократиялық қоғамның негізі қаланғанын айтып өтті.
"Ақтөбе облысы еліміздегі қарқынды дамушы өңірлердің бірі ретінде республиканың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қосуда. Облыста жалпы құны 700 миллиард теңгені құрайтын 92 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 50 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері жұмыс жасауда"-деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин. Конференция қонақтары басқосу соңында бір-бірімен тәжірибе алмасып пікірлесті.Аталған жиын екі күнге жалғасады.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі