Оңдасын Оразалин: Ауыл шаруашылығы саласын дамыту күн тәртібінен түспейді

Жұма, 10 қаңтар күні облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен "Нұр Отан" партиясы облыстық филиалының ғимаратында Ақтөбе облысының агроөнеркәсіптік кешенінің дамуы тақырыбында жиын өтті.
Жиынға ҚР Парламенті Сенатының депутаттары, ауыл шаруашылығы министрлігі, даму институттарының жауапты қызметкерлері, облыс әкімінің орынбасары, шаруа қожалықтары мен мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысты.
Жиынды ашқан облыс әкімі аймағымыздың ауыл шаруашылығы бағытындағы жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдағы жоспарларын айтып өтті.                   
Жиын барысында жергілікті ауыл шаруашылығы саласының кәсіпкерлері, жеке қожалық басшылары Нұр-Сұлтаннан келген    құзырлы органдар мен министрліктің өкілдеріне өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, сын-пікірлерін де айтып өтті. Әсіресе, сырттан асыл тұқымды мал әкелу, дәстүрлі емес ауыл шаруашылығы бал арасы, құс, балық өсіру, министрлік тарапынан бөлінетін субсидия көлемін арттыру, мал жайылымдары мәселелері өте өзекті болып отыр.
- Бүгінгі басқосу облысымыздың ауыл шаруашылығы саласының дамуына өз үлестерін қосып жүрген азаматтарымыздың өтініштері мен ұсыныстарын ортаға салуға арналып отыр. Ауыл шаруашылығы саласын дамыту күн тәртібінен түспейді. Аймағымызда ауыл шаруашылығы саласында қызмет ететін кәсіпкерлерді қолдау бағытындағы жұмыстар өз жалғасын тауып келеді. Түсіне білсек, әр кәсіпкердің артында қаншама отбасының тағдыры бар. Біз мемлекет және жергілікті билік тарапынан қашанда ел азаматтарына көмектесуге міндеттіміз. Ортаға салынған ой-пікірлердің бәрі де өзекті. Қордаланған проблемалар бар, оны мойындаймыз. Ендігі мақсат - оның шешу жолдарын бірге қарастыру. Ата кәсіпті жаңғырту, елге көмектесу ортақ міндет, - деп атап өтті облыс әкімі.
Жиын соңында аймақ басшысы Нұр-Сұлтаннан келген мәртебелі қонақтарға алғысын білдіріп, көтерілген мәселелердің оң шешімін табуына ықпал етуге ұсыныс білдірді.
 
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі