Оңдасын Оразалин Ақтөбедегі су тасқынына қарсы жұмыстардың барысын тексерді

9 наурыз, сенбі күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин Ақтөбені аралап шығып, су тасқынына қарсы шаралар кешенінің жүзеге асырылуымен танысты.

Атап айтқанда, өңір басшысы Ақтөбе су қоймасында болып, көшпелі жиын өткізді. Оған Ақтөбе қаласы әкімдігінің, ТЖД, «Қазсушар» және «Қазгидромет»  РМК филиалдары мен коммуналдық қызметтердің басшылары қатысты.

«Қазсушар» филиалының жедел деректері бойынша бүгінгі таңда, Ақтөбе су қоймасының толықтығы 111 млн текше метр немесе 46%,  Қарағалы  су қоймасы 191 млн м3 немесе 33%, Сазды 2,1 млн м3 немесе 28% құрайды. Синоптиктердің болжауынша, осы көктемде тасқын  суы нормадан төмен болады деп күтіліп отыр.

Алайда, оптимистік болжамға қарамастан Оңдасын Оразалин бұл сұрақты ерекше қадағалауда ұстап, су қоймаларының толымдылық деңгейін күн сайын бақылап отыруды, ал қажет болаған жағдайда суды уақытында ағызып жіберуді тапсырды.

Болуы мүмкін көктемгі су басуды болдырмаудың тағы бір шарасы – өзендердің жағалауын бекіту, түбін тереңдету және арнасын тазарту жұмыстары. Облыс әкімі Песчанка өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарымен танысты. Жұмыс жобасына сәйкес, жұмыс өзеннің Ақтөбе-Хромтау тас жолынан Қарғалы өзеніне дейінгі арнасында жүргізілуде. Қала әкімі Ілияс Испанов жүргізіліп жатқан шаралар туралы, сонымен қатар, қала тұрғындары демалу үшін жағажай аумақтарын жазғы маусымға ұйымдастыру жайында баяндады.

Әрі қарай, өңір басшысы Қарғалы (Нұр Ақтөбе) тұрғын үй алабында «Нұрлы жер» және «7-20-25» мемлекеттік бағдарламалары аясында салынып жатқан нысандардың құрылыс барысымен танысты. Үйлерді тұрғызу шамамен 1695 ақтөбелік жанұяны баспанамен қамтиды. Облыс әкімі пәтерлерді қарап шығып, тұрғын үй бағдарламаларын әрі қарай жүзеге асыруды тапсырды.

 Жалпы, 2018 жылдың қорытындысы бойынша облыста 908,6 мың м2 баспана немесе 7875 пәтер пайдалануға берілген. Биыл Ақтөбе облысында 1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр.

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі